Great Wall Motors алғашқы алты айда 800 млн доллардан астам пайда тапты
Компания шетел нарықтарына шығып, сонымен қатар зерттеулер мен жаңа әзірлемелерге қаржы құйып отыр.
Пикап пен жол талғамайтын көлік шығаратын қытайлық Great Wall Motors компаниясының 2022 жылдың қаңтар-маусымдағы таза пайдасы 811 млн долларды (382 млрд теңге) құрады. Бұл 2021 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 58,5%-ға көп.
Компаниядағылар өнімдерінің құрылымын оңтайландыру, сондай-ақ электрлендіру мен интеллектуалдық технологияларды ілгерлетуге күш салудың арқасында осындай табысқа жеткенін айтады.
Great Wall Motors-тың жалпы сауда көлемінің 13%-ға жуығын экспорт құрайды, деп жазады Chindadaily басылымы. Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей нарықтарында Haval брендінің автомобильдеріне сұраныс артып келеді.
Great Wall Motors шығаратын автомобильдердің қазір орташа бағасы 17,6 мың долларды (8,3 млн теңге) құрайды. Бұл 2021 жылдың жазындағы бағамен салыстырғанда 20,3%-ға көп.
Компания зерттеулер мен жаңа әзірлемелерге қаржыны көбірек құя бастаған. Great Wall Motors алғашқы жартыжылдықта 840,6 млн доллар (396 млрд теңге) жұмсады. Бұл 2021 жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 2 есе көп.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
05.09.2022, 11:36