Еуропа компаниялары АҚШ-тағы электромобильді субсидиялаудың жаңа ережесін сынады
Америка үкіметі Солтүстік Америкада өндірілген электромобильдерді сатып алуға субсидия бөледі.
2022 жылдың тамызында АҚШ президенті Джо Байден инфляциямен күрес туралы заңға қол қойды. Заң аясында Америка үкіметі субсидия бөлетін жаңа электромобильдердің саны күрт азаяды. Енді мемлекеттік қолдауды тек Солтүстік Америкада (АҚШ, Канада, Мексика) өндірілген көлікті сатып алушылар ие бола алады.
Еуропалық автоөндірушілер қауымдастығы (ЕАӨҚ) жаңа заңнамаға теріс пікірлерін білдірді. Ұйым барлық елдердің үкіметтері альтернативті энергия көздерімен жүретін автомобиль саласының дамуын қолдау керек деп санайды.
«Джо Байденнің 2030 жылға қарай көлік сату үлесін бүкіл автомобиль нарығының 50%-на дейін арттыру мақсатына жету үшін, мемлекеттік қолдау неғұрлым инклюзивті болуы тиіс», — делінген ЕАӨҚ хабарламасында.
Ұйымның айтуынша, жаңа ереже мемлекеттік субсидия алушылардың санын айтарлықтай шектейді.
Электромобильдерге арналған батареялар АҚШ, Канада және Мексика елдерінде шығарылмайды. Бірақ инфляцияға қарсы жаңа заңға сәйкес, кәсіпорындар бірнеше жыл ішінде аккумуляторлар өндірісін Солтүстік Америкада жерсіндіруі тиіс. Олай болмаған жағдайда, 2030 жылы бірде-бір электромобиль мемлекеттік қолдау ала алмайды, өйткені оған импорт аккумулятор орнатылған.
Сондай-ақ, ЕАӨҚ субсидия алу үшін бағаның жоғарғы шегін арттыру керек деп санайды, өйткені қазір тиісті бағадағы электромобильді табу өте қиын.
Осыдан біраз уақыт бұрын Оңтүстік Кореяда инфляцияға қарсы заңға алаңдаушылық білдірді. Субсидиялаудың жаңа ережесіне байланысты жергілікті өндірушілер америка нарығына шыға алмай қалды.
Оңтүстік Кореяның брендтері АҚШ-та зауыттар ашуға дайын, бірақ оларды тек 2025 жылға қарай іске қоса алады. Демек, кореялық электромобильдер кем дегенде 2 жылға өзінің баға бойынша бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады.
Кейін Оңтүстік Корея үкіметі америкалық тараппен келіссөздер жүргізіп, олардан субсидиялаудың жаңа ережелерін енгізу туралы шешімді қайта қарауды өтінген.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
09.09.2022, 16:50