Меню CARMA.KZ

Саудиялықтар мұнай өндірісінен электрокарларға батарея шығаруға ойысады

Мұнай өндірісі бойынша үшінші ел саналатын Саудия әлемде жаппай іштен жану қозғалтқышынан бас тартқаннан кейін де автонарықта басты ойыншы болып қала бергісі келеді.

Саудиялықтар мұнай өндірісінен электрокарларға батарея шығаруға ойысады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Саудиялықтар мұнай өндірісінен электрокарларға батарея шығаруға ойысады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Сауд Арабиясы электрокарларға арналған аккумуляторлар мен өзге құрамдастардың өндірісін арттыру жөнінде үлкен жоспар құрып жатыр. Ол автомобиль нарығында қазір онсыз да маңызды ойыншы болып табылады, деп жазады Bloomberg.

Қазіргі таңда әлемдік автомобиль нарығы Сауд Арабиясынан жеткізілетін мұнайға тәуелді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша оған жер шарындағы мұнай өндірісінің жалпы көлемінің 12,1% тиесілі (бірінші орында нарықтың 15,8%-ын еншілейтін АҚШ, екінші орында — 13,5%-бен Ресей Федерациясы). Алайда батыс елдерінің ішкі жану қозғалтқышымен жұмыс істейтін автомобильдерден біртіндеп бас тарту жоспары саудиялықтарды автонарықтың отын сегментінде өз рөлін әртараптандыру жайында ойландыра бастады. Мәселен, Еуропа 2035 жылға қарай ІЖҚ жаңа автомобиль шығарудан толықтай бас тартпақшы.

Қазір бұл ел электрокарлар нарығын өзіне бағындыру үшін аккумулятор батареяларын өндіруші алпауытқа айналуды ойланып-толғанып жатыр. Абырой болғанда Саудияда қажетті ресурс базасы мен тиісті өндірісті жолға қоюға қажет батыс инвесторларын жұмылдыру мүмкіндігі бар, деп жазады Bloomberg. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы бұған дейін литий өндірушілер мен аккумулятор шығарушыларды жұмылдырып көрген. Оған себеп болған жергілікті биліктің жоспары бойынша 2030 жылға қарай Әмірліктің астанасы Эр-Риядтағы автомобильдердің үштен бір бөлігі (30%) электрлі болуы тиіс.

Батыстың БАҚ-тарындағы деректер бойынша, саудиялықтардың жоспарларын іске асыруға Аустралияның EV Metals Group Plc химия және технологиялық компаниясы ынта білдірген. Компания Сауд Арабиясында аккумулятор өндірісіндегі негізгі құрамдас болып табылатын литий гидроксидінің моногидратын өңдейтін зауыттардың әзірлемесін бастайтынын мәлімдеді. Күштік агрегаттардағы катодтық мтериалдар үшін жоғарысапалы химикаттардың өндірісі бойынша тиісті жобалардың техника-экономикалық негіздемесі соңғы екі жыл көлемінде әзірленді, сондықтан жақын аралықта саудиялықтарға осы қуаттылықтарды тұрғызу мен іске қосу ғана қалып отыр.

Аустралиялық тағы бір фирма Avass Group биылғы ақпанда саудиялық әріптестермен Саудияда электромобильдер мен литий батареяларды бірлесе өндіру жөнінде келісімге қол қойғаны туралы жариялады. Одан бөлек Әмірліктің өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігі елдің тау-кен өнеркәсібін дамыту аясында жалпы сомасы 6 млрд доллардың жобасын жария етті. Қазір салалық министрлік электрокарларға арналған батарея өндірісіне пайдаланылуы мүмкін өнімдердің кен орындарын барлауға шетелдік компаниялардан түскен 150-ге жуық өтінімді қарап жатыр.

Әмірліктің үкіметі Сауд Арабиясының тәуелсіз әл-ауқат қоры да акционер болып табылатын америкалық Lucid Group Inc компаниясынан 10 жыл ішінде 100 мыңдай электромобиль сатып алуға келісім жасасты. Дәл осы қор Сауд Арабиясында алдағы 15 жылда Lucid Group Inc компаниясының зауыты құрылысын қаржыландыру үшін 3 млрд доллардан астам қаржы бөлмекші. Bloomberg-тің дерегі бойынша, жуырда iPhone құрастырушы болып табылатын Foxconn Technology Group электрокарларға арналған чиптар мен бөлшектер шығаратын құны 9 млрд долларға кәсіпорын құру туралы келіссөз жүргізді.

«Өз аумағында өндірістік және өңдеуші кәсіпорындар құру — айлалық әрі көрегендік. Айналып келгенде бұл шығындарды азайтып қоймай, электромобиль құнын жасақтаудың жаһандық тізбегінде ұлттың маңызын арттырады. Аккумулятор өндіруші алпауыттары бар Қытайдан өзге ешкім әлі үлкен көлемді өндіріске шыққан емес. Сауд Арабиясында ресурс, капитал мен сенімділік бар, енді олар өзінің осыартықшылықтарын жаңа өндіріске көшуді аяқтау үшін мұнайдың қазіргі бағасы мен сұранысы жағдайында пайдаланғысы келеді. Әмірлік ықтимал құны 1,3 трлн долларға бағаланатын минералды ресурстарға қол жеткізу үшін пайдалы қазбаларды өндіруге лицензияны жеделдетіп беруді бастады», — деп түйді мақала авторы.

Қазіргі таңда литий-ионды аккумулятор өндірісі нарығында Қытай, Жапония, Корея және АҚШ ірі ойыншылар болып табылады. Электромобильдерге арналған батареялар шығаратын Contemporary Amperex Technology (CATL), Panasonic, LG Chem, Samsung, Beijing Pride Power, SB Li Motive және Tesla секілді жетекші компаниялардың штаб-пәтерлері осы елдерде орналасқан. Аккумуляторларға қажетті материалдардың арасында катод материалдарына сұраныс зор. Trend Force талдау компаниясының бағалауы бойынша, аккумулятор батареяларына қажетті материалдарға әлем бойынша сұраныс 600 мың тоннаны құрайды, әрі осы көлемнің 60%-ы электрокарларға арналған батареяларға жұмсалады. Олардың болжамы бойынша, алдағы 20 жылда электромобильдерге арналған батареяларға сұраныс бес есеге артуы мүмкін.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
23.08.2022, 15:48