Қытайдағы литийдің бағасы электрокарларды күрт қымбаттатып жіберуі мүмкін
Аспанасты елі автомобиль батареяларының әлемдік нарығының 65%-ын еншілейтін ірі өндіруші болып табылады.
Қытайдағы энергетикалық дағдарысқа байланысты литийдің бағасы қатты қымбаттап кетті, бұл электрокарлардың бағасын күрт өсіруі мүмкін, деп жазады Bloomberg агенттігі.
Литийдің бағасы жыл басынан бері өсе бастаған. Аккумулятордың алпауыт өндірісшісі болып табылатын Қытайда қаңтарда бір тонна литийдің бағасы 261 мың 500 юаньды ($41 мың 027) құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бес еседен артық жоғары. Ал тамыз айында литийдің тоннасы тіпті 484 мың 500 юань ($70 мың 610) болды. Bloomberg агенттігі мұны литий өндірушілерді энергиямен қамтамасыз етудегі іркілістермен байланыстырады.
Басылымның жазуынша, Қытайда литий өндірісінің бестен бірі орналасқан Сычуань провинциясында соңғы елу жылдай болмаған аптап ыстық орнап, осының салдарынан электр энергиясын өндірістік сөндірулер осы аптада да жалғасты. Электр энергиясын жеткізудегі іркілістер Қытайда «аккумуляторларға қажетті метал бағасын шарықтатып жіберуі мүмкін», дейді материал авторы.
«Біздің бағалауларымыз бойынша, литий бағасының құбылуы біраз уақытқа созылып, жақын арада литий карбонатының споттық бағасы тоннасына 500 мың юаньға дейін көтеріледі, — деп келтіреді агенттік энергетика саласында зерттеулермен айналысатын Rystad Energy компаниясының аға сарапшысы Сьюзан Зоудың сөзін. — Автоөндірушілер мен аккумулятор өндірушілердің қазіргі бағадан әлдеқайда жоғары бағамен жұмыс істеуіне тура келеді», — деді ол.
Оның пікірін S&P Global Commodity Insights сарапшысы Леа Чен құптайды. Электр энергиясының сөндірілуі нарықта үлкен дисбалансқа әкеп соғуы мүмкін. Bloomberg NEF агенттігінің есебі бойынша, литийдің рекордтық бағасы төменде тұрған ойыншыларға толқынды эффект беруі мүмкін, өйткені электромобильдерге арналған аккумуляторлардың бағасы он жыл ішінде биыл алғаш рет өседі деген болжам бар.
«Егер электр энергиясы одан әрі де сөндірілетін болса, ол жеткізулерге қалайда проблема туындатады, және литий бағасының өсуіне алып келеді», — деген сенімде Чен.
Десек те, штаб пәтері Сычуань провинциясының Чэнду қаласында, ал өндірісі Шехун қаласында орын тепкен литий өндіруші Tianqi Lithium Corp. компаниясы өткен аптада болған инвесторлардың онлайн-форумында жергілікті үкіметтің талаптарын қатаң орындап, өндірісті «ақылға қонымды әрі тәртіпті түрде» ұйымдастыруға сөз берді.
Тағы бір қытайлық литий өндіруші Chengxin Lithium Group Co. компаниясы тамыздың ортасында өткен дәл сол форумда техникалық қызмет көрсету жоспарына түзету енгізу арқылы өндірісті қайта қалпына келтіруге дайын отырғандарын мәлімдеді.
«Егер кейбір литий зауыттарында қордың аздығына байланысты литий өндірісіндегі іркілістер тамыз айы бойы жалғасатын болса, онда ол қыркүйекке қабылданған тапсырыстардың жеткізілуіне әсер етеді», — деді Зоу. — Катод өндірушілердің кейбірі өндірісін қысқартуға мәжбүр болмақ, өйткені қажетті мөлшердегі литийді дер кезінде ала алмауы мүмкін. Айналып келгенде ол аккумулятор өндірушілерге де әсер етеді», — деп түйді ол.
Айта кетейік, Bloomberg NEF бөлімшесі Қытайда сауда деңгейінің жоғары болуының арқасында электромобильдердің әлемдік саудасы 2020 жылғы 3,1 млн-мен салыстырғанда 2021 жылы 5,6 млн дана деңгейіне дейін өсім көрсетеді деп болжады. 2022 жылы сұраныстың одан әрі өсуін биыл литийге тапшылық шешетін болады, өйткені, S&P Global-дың желтоқсандағы есебіне сәйкес, материалды өндіруден тұтыну асып түсіп, аталмыш метал қорын тауысады.
Қалай болғанда да қазір автомобиль өнеркәсібі ішкі жану қозғалқышынан электромобильдерге қарқынды түрде ауысып жатыр. Атап айтсақ, Volkswagen мен BMW 2030 жылға қарай сауданың тең жартысын тек электромобильдер құрауы мүмкін екенін мәлімдеді, ал Ford Motor 2030 жылға қарай әлем бойынша саудада электромобильдердің үлесін 40%-ға жеткізбекші. Алайда, әлемдік аккумулятор өндірісінің 65%-ын иеленіп отырған және литийдің әлем бойынша өндірісінің жартысынан көбін еншілейтін Қытайда электр энергиясында туындаған мәселелер бұл жоспарларға түзету енгізуі мүмкін.
Егор Васильев, корреспондент
26.08.2022, 14:49