Қазақстанның жағармай құю станциялары дизель үшін дифференциалды тарифке наразы
Жағармай құю станциялары қауымдастығындағылар отын тапшылығы ЖҚС-тарда емес, көтерме сатушыларда туындайды деп санайды.
Энергетика министрлігі дизель отынына дифференциалды тариф енгізуді ұсынды. Шетел азаматтары үшін бұл отын түрі литріне 450 теңге тұратын болады.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, өзге елдердің азаматтары Қазақстандағы дизельдің арзандығын пайдаланып, елден әрі қарай алып кету үшін отандық ЖҚС-тарда отынды көп көлемде сатып алады.
Шекара қызметінің деректерінше, Қазақстанға күн сайын 4,4 мың жүк көлігі кіреді, оның 70%-ы — шетелдік көліктер. Ал энергетика министрлігі Қазақстанда жыл сайын 5 млн тонна дизель өндіріледі, алайда елдің ішіндегі тұтыну көлемі одан әлдеқайда аз. Дегенмен отынның өзге елге жылыстауына байланысты отандық ЖҚС-тарға жылына 6 млн тонна дизель қажет дегенді айтады.
Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, жеңіл автомобильдердің иелеріне жүргізуші куәлігін көрсеткен жағдайда тәулігіне 100 литрге дейін, ал жүк көліктері үшін жүргізуші куәлігі мен машинаның Қазақстан аумағында тіркелгені туралы техникалық құжатын көрсеткен жағдайда тәулігіне 300 литр лимит белгіленбекші. Ал өзге жағдайлардың барлығында және лимиттен асыратын болса — дизельдің литрі 450 теңге тұратын болады.
Оңтүстік Қазақстанның Жағармай құю станциялары қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаровтың пікірінше, ұсынылып жатқан шара бизнестің ісіне тікелей араласу болып табылады. Оған қоса тапшылық ЖҚС-тарда емес, елден отынды таситын делдалдарға дизель сататын көтерме сатушыларда туындайтынын айтады.
«Яғни біздің мұнай базаларымызда отынның белгілі бір көлемі бар. Теориялық тұрғыдан ол ішкі сұранысқа жететін еді. Бірақ отынды үлкен көлемде сатып алып, оны көлеңкелі нарыққа шығаратын кейбір делдалдар бар. Сондықтан жағармай станцияларына қалған көлем жетпей қалады», – деп түсіндірді Қайыпбек Қамбаров CARMA.KZ редакциясына.
Ол жүргізушілердің құжатын тексеру процесі қалай реттелетіні әзірге түсініксіз екенін атап өтті. Егер ЖҚС-терде белгілі бір отынға тапшылық туындайтын болса, оны бизнестің өзі шешіп, сатып алу мен сатуды өзі реттеуі тиіс деп санайды.
Қайырбек Қамбаров Қазақстанға ЖҚС-тердің өзіне дейін отын жеткізудің нақты механизмі қажет деп атап өтті.
«Бұрын аймақтық операторлар болды. Олар 2010 жылдан 2016 жылға дейін жұмыс істеді. Олар осы жеткізулерді тексеріп отырды. Яғни бізде қайда және қанша отын апаратыны туралы ақпарат бар болды. Біз ЖҚС-тердің телефон номерлерін алып, отынның жеткен-жетпегенін біліп отырдық. Жергілікті әкімдіктермен, өңірлердегі кәсіпкерлер палатасымен жұмыс істедік, ЖҚС-ке отын жетпеген жағдайларды айтып отырдық. Қазір жеткізулерге мұндай бақылау жоқ», — деп мәлімдеді Қайыпбек Қамбаров.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда отын тапшылығы мәселесін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерді. Оның сөзінше, жыл сайын елімізде жиын-терім науқаны кезінде дизель жетіспейді.
Ербол Казистаев, корреспондент
09.08.2022, 09:54