Қазақстандағы жолдары өте нашар өңірлердің аты аталды
Ақтөбе мен Шымкентте сапасыз жасалған жолдарды қабылдау және жалған актілер толтыру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қызметкерлері жергілікті жолдардың сапасын тексеру үшін 9 мың сынама алған. Белгілі болғандай, олардың төрттен бірі мемлекеттік талаптарға сәйкес келмейді. Сапасыз жасалған жолдар әсіресе Шымкентте (71% сынама), Маңғыстау облысында (61%), Алматы (56%), ШҚО (49%), БҚО (43%), Түркістан қалаларында (40%) анықталды.
«Ескертуге қарамастан, тапсырыс берушілер нысандарды пайдалануға қабылдауды жалғастырып жатыр. Мұндай фактілер бойынша кейбір өңірде қазірдің өзінде қылмыстық іс қозғалды», — деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ұлттық сапа орталығының ескертулерінен кейін Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті сапасыз орындау және қабылдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаса, сыбайластыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті актілерге жалған қол қою фактісі бойынша басқа бір қылмыстық істі жүргізіп жатыр.
Қайырбек Өскенбаев Батыс Қазақстан облысында автомобиль жолдарын жақсартуда қарқын төмен екенін атап өтті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, талапқа сәйкес келетін жолдардың үлесі тек 39% ғана, ал ол көрсеткіштің республика бойынша орташа деңгейі 80%-ын айта кетейік. Бұл аймақта 2022 жылға 2,6 млрд теңге қаржы бөлінген, ол облыс бюджетінің 10%-ын құрайды.
Салалық министрліктің деректері бойынша, сапа талаптарына сәйкес келетін республикалық маңыздағы жолдардың үлесі 90%-ды, жергілікті маңыздағы жолдар 80%-ды құрайды. 2022 жылдың соңына дейін көрсеткіштерді 91% және 85%-ға дейін арттыру жоспарланған.
«Маңғыстау және Жамбыл облыстарындағы жергілікті маңыздағы автомобильдер жолдарының 95%-ы талапқа сай», — деп мәлімдеді министр.
Қазақстандағы автомобиль жолдарының сапа мәселесін бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Мемлекет басшысының сөзінше, жол жөндеуге жарияланған тендерлерді жыл сайын белгілі бір компаниялар ғана ұтып алады. Оған қоса жылдың ортасы болса да жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44%-ы бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізілмепті. Еліміздегі 11 мың шақырым жолды жөндеуге 600 миллиард теңге бөлінген.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
02.08.2022, 14:55