Меню CARMA.KZ

Volkswagen басшысы қызметінен кетті

Бірқатар жаңа модельдің өндіріске баратын мерзімінен кешігуіне байланысты неміс концернінің басшыға қояр сұрақтары бар.

Volkswagen концернінің атқарушы директоры Герберт Дисс қызметінен 22 шілдеде кетті. Ол осы ғасырдың 30-жылдарынан бері халыққа қолжетімді автомобиль шығарып келе жатқан, ал соңғы жылдары электрокарлар шығаруға ден қойған компаниямен арадағы келісімшартының аяқталуына үш жыл қалғанда өз еркімен басшылықтан кетті.

Volkswagen Group-тың таратқан хабарламасында Дисс атқарушылықтан тараптардың өзара келісімімен кетті делінеді. Әйсе де ол өткен аптаның басында ғана Volkswagen ұжымымен биылғы жылдың соңына дейінгі жоспарларымен бөліскен болатын. Bloomberg агенттігінің жазуынша, Volkswagen Group-қа 2018 жылы келген маманмен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуға себептер біраздан бері жинақталып қалса керек — атап айтқанда, Дисстің өзі жетекшілік ететін бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейтін Cariad құрылымының тиімсіздігі турасында болып отыр.

Bloomberg-тың хабарлауынша, Дисс Volkswagen Group концернінің құрамына кірген Porsche (Macan EV), Audi (Project Artemis) және Bentley брендтерінің негізгі электрлі модельдерін өндіруді бастауға қолбайлау болған бағдарламалық қамтамасыз етудің дер кезінде дайын болмауына кінәлі. Бағдарламалық қамтамасыз ету мәселесіне байланысты VW ID моделінің дебюті кейінге қалдырылды. Ал клиенттер болса бағдарламалық қамтамасыз етулерді жаңартуды орнату үшін оларды Cariad бөлімшесі жарнамалағандай қашықтан емес, дилерлік орталықтарға өздері баруға  мәжбүр.

Сонымен қатар, батыс журналистері Дисстің кетуіне оның қатал көшбасшылық стилі де кесірін тигізді деп болжайды: өткен жылдың соңында, мысалы, арнайы электромобильдерді шығарудың кешігуінің салдары туралы түсініктеме бере отырып, ол компанияда 30 мыңдай жұмыс орны қысқартуы мүмкін екенін де айтып қалды. Осылай деген ол өзі қызметінен қош айтысатындай жағдайға тап болды. Өйткені автоконцерн иелеріне Volkswagen-нің түрлі кәсіпорындарында жұмыс істейтін 665,5 мың қызметкермен арада мәселе туындатқанша, Дисстің өзін жұмыстан босатқан жеңілдірек еді.

Сол кезде Дисс жұмыскерлерді жаппай жұмыстан шығаруға қатысты өзінің мәлімдемесін жоққа шығарып, қызметінде қалған болатын. Әйтсе де автоконцерннің иелері сірә сол кезде-ақ  онымен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды ойластырып қойса керек. Сөйтіп, Volkswagen Group-тың акциялары 2022 жылдың басынан бері 25,7%-ға құлдырауы онымен қоштасудың оңтайлы сәтін тудырғандай болды. Bloomberg-ке сүйенсек, қадағалау кеңесінің мүшелері Герберт Дисске CEO Volkswagen-дегі қызметінен кететіндігі туралы 21 шілдеде хабарлап, ойланып-толғануына және заңгерлермен кеңесуіне 24 сағат уақыт берген.

Ақыры ол аталмыш шешіммен келісіп, 21 шілде күні Volkswagen Group компанияның 2022 жылғы топ-менеджементіндегі басты ауыс-түйіс туралы ресми жариялады. Дисстің орнына 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Оливер Блуме келеді деген болжам бар. Ол жаңа қызметін Porsche AG-дегі бас директорлықпен қоса атқаратын болады, деп жазады The Wall Street Journal. Сонымен қатар «Фольксвагеннің» жаңа басшысы автоконцерннің дамуында жүзеге асырылуына қыруар инвестиция қажет «жасыл» амбицияларға көп бара бермей, дәстүрлі стратегияны көбірек ұстанатын болады делінуде.

Осыған байланысты Дисс бастама еткен «Фольксваген» автомобильдерін толықтай электрлендіру жоспарының тағдыры әзірге белгісіз. Концерн былтыр маусым айында 2033-2035 жылдар аралығында Еуропада іштен жану қозғалтқышымен жұмыс істейтін автомобильдерді шығаруды толықтай тоқтатындығын мәлімдеген болатын. Volkswagen-нің еншілесі — Audi бір жыл бұрын одан да зор жоспарын жайып салды. Яғни іштен жану қозғалтқыштарына арнап жасалған соңғы жаңа модельді 2025 жылы сериялық өндіріске жіберіп, 2026 жылы компанияның барлық жаңа модельдерінде тек электрлі тарту күшін пайдалануды көздейді екен.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы маусым айында Еуроодаққа мүше 27 елдің қоршаған ортаны қорғау министрлері 2035 жылға қарай Еуропада іштен жану қозғалқышты жаңа автомобильдердің саудасын тоқтатуды мақұлдады және Еуропада «бензинді» және «дизельді» автомобильдердің өндірісі 2030 жылға қарай 50%-ға қысқаруы тиіс. Дисс Volkwagen-ге «дизельгейт» жанжалы  өршіп тұрған кезде келді. 2015 жылдың қыркүйегінде неміс автоконцерні зертханалық сынақтарда АҚШ пен Еуропаға жеткізілетін кейбір дизель автомобильдердің улы заттарды бөлу деңгейіне төмендетіп көрсетті деп күдіктеліп, басы дауға қалған болатын. Осының салдарынан Volkswagen Group-тың капиталдануы төмендеп кетті.

Белгілі болғандай, компания америкалық стандарттарға арналған тек зертханалық тестілеу кезінде белгілі бір улы заттарды активациялау үшін турбоүрлемелі және тікелей бүркитін (TDI) дизель қозғалтқыштарды әдейі бағдарламалаған. Бірақ әдеттегі жағдайда ауаға бөлінетін улы заттардың саны, атап айтқанда азот оксиды (NOx) нормадан 40 есе асып кеткен. Volkswagen заңсыз бағдарламамен қамтамасыз етуді орнатқан автомобильдердің саны әлем бойынша 2008-2015 жылдар аралығында шығарылған 11 млн бірліктен асады.

2018 жылдың маусымында Брауншвейг қаласының прокуратурасы Volkswagen-ге 1 млрд еуроға айыппұл салды. Бұл соманың ішінде 5 млн еуро көлемінде барынша ықтимал айыппұлдар мен жоғарыда аталған құйтырқылықтарынан заңсыз жолмен алған кірістері ретіндегі 995 млн еуро бар. Компания өздеріне салынған айыппұлмен келісіп, шешімге аппеляция жасаған жоқ. 2021 жылдың шілдесінде «планетаны ластағаны үшін» Volkswagen тағы 502 миллиондай еуро төлейтіндігі туралы қосымша шешім қабылданды. Сондай-ақ сот дизель жанжалына қатысы бар барлық автомобильдердің иелері компаниядан 3 мың еуро көлемінде төлем талап етуге құқылы деген қаулы шығарды. Компания осы оқиғадан кейін «жасылдануға» бағыт алып, әйтсе де Дисстің қызметінен кетуіне қарағанда, әзірге оның да жақын арада жүзеге асып кетуі екіталай.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
28.07.2022, 14:48