Меню CARMA.KZ

ҚР ІІМ электрлі самокаттарға арналған ереже әзірлеп жатыр

Электрлі самокаттардың максималды жылдамдығы сағатына 25 шақырымды құрайтын болады.

ҚР ІІМ электрлі самокаттарға арналған ережені әзірлеп жатыр / Фото: Informburo.kz
ҚР ІІМ электрлі самокаттарға арналған ережені әзірлеп жатыр / Фото: Informburo.kz

Қазақстанда шілденің басынан бастап электрлі самокаттардың ұлттық стандарты күшіне енді. Қазір еліміздің ішкі істер министрлігі электрлі самокаттарға арналған жол қозғалысы ережесін әзірлеп жатыр.

«Аталған стандарттың талаптарын ескере отырып біз электрлі самокаттарды басқарушы тұлғаның құқықтық мәртебесін, сондай-ақ олардың жолдарда жүру тәртібін белгілеп жатыр», — деп мәлімдеді ІІМ-де өткен баспасөз жиынында Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Жандос Мұратәлиев.

«Электрлі самокаттар» ұлттық стандартын әзірлеуші — Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу комитеті. Құжатқа сәйкес, электрлі самокаттың максималды жылдамдығы сағатына — 25 шақырымнан, ал артқа қарай жүрісі сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс.

Электрлі самокаттармен түрлі жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға болмайды, сондай-ақ өзге көлік құралдарын, оның ішінде тіркемелерді сүйреуге тыйым салынған.

Самокатты басқаша етіп құрастыруға немесе максималды жылдамдықты арттыру үшін бағдарламасын қайта реттеуге рұқсат жоқ.

Ал жол қозғалысы ережесіне келер болсақ, 2022 жылдың маусым айында электрлі самокаттардың автомобиль жолдарының оң жақ шетімен жүруіне рұқсат деп хабарланған. Сондай-ақ олардың тротуарлармен және велосипед жолдарымен жүруіне болады. Алайда қауіпсіздік мақсатында самокаттар қашанда адамдарды алдымен өткізіп жіберулері керек.

Электрлі самокаттың жүргізушілері автомобиль жолы үстіндегі жүргіншілер жолағынан неғұрлым жылдам өтіп кетуі тиіс.

Айта кетейік, жылдамдығын сағатына 25 шақырымнан артық үдете алатын электрлі самокаттар «Дөңгелекті көлік құралының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының рехникалық регламентімен реттеледі.

Ал жылдамдығын сағатына 50 шақырымнан артық үдете алатын электрлі самокаттарды басқарушылар А1 санаттағы жүргізуші куәлігін алуы қажет, деп жазады «Колёса».

Жүргізушілердің самокаттарды тротуардың қақ ортасына немесе көгал үстіне қалай болса, солай жиі тастап кететіндігі тағы бір мәселе болып келді. Қазір электрлі самокаттарды жалға беретін сервистер паркингке қатысты талаптар мен нұсқауды өздері қояды.

Мәселен, кикшерингтік сервистер қазірдің өзінде виртуальды тұрақтармен жабдықталған. Яғни пайдаланушылар самокаттарды арнайы қосымшада «Р» латын қарпімен белгіленген бекеттерде ғана қалдыра алады.

ҚР ІІМ деректері бойынша, 2022 жылғы қаңтар мен шілде аралығында Қазақстанда электрлі самокаттардың қатысумен 41 ЖКО орын алған. 2021 жылы 68 осындай апат болып, 71 адам жарақат алса, 1 адам көз жұмған.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
26.07.2022, 16:15