Меню CARMA.KZ

Қазақстанда жүрілген автомобильдердің бағалары қалай өзгерді

Ұсталған автомобильдер әлем бойынша қымбаттап кетті.

Қазақстанда жүрілген автомобильдердің бағалары қалай өзгерді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстанда жүрілген автомобильдердің бағалары қалай өзгерді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

«2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда ұсталған автомобильдер бағасының өсуі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда біршама баяулады. Оған бастапқы жарнасыз және жылдық 4%-бен жеңілдетілген автонесие бағдарламасының іске қосылуы басты себеп болды. Бағдарлама іске қосылғаннан кейін қымбат емес және қолжетімді автомобиль алғысы келетін қазақстандықтардың қызығушылығы қайталама нарықтан бастапқы нарыққа қарай ойысты», — деп санайды Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының атқарушы директоры Алмас Дүйсенбай.

Ол сондай-ақ жиынтықтағыштардың тапшылығына байланысты ұсталған автомобильдердің бағасы 2022 жылдың екінші жартысында да өсетін болады деп атап өтті. Яғни қазақстандықтардың сұранысын өтеу үшін сатып алуға болатын машиналар көлемі жеткіліксіз болмақ.

«Көптеген өндіруші пандемиядан кейінгі дағдарыстың себебінен өндірістік қатарын қайта қарастырып жатыр, яғни автомобильдердің құрамдастары мен құрағыштар әлі де жетіспеуде. Демек, жаңа автомобильдердің нарығындағы ұсыныстар ұсталған автомобильдер нарығында бағаның қалыптасуына тікелей әсер ететін болады», — деп түсіндірді Алмас Дүйсенбай CARMA.KZ-пен арадағы әңгімеде.

Ұсталған автомобильдерді саудалайтын ұйымдасқан нарықтағы ірі ойыншы болып табылатын Aster Auto дистрибьютерлік компаниясы да дәл осындай пікірде. Компания өкілдері 2022 жылдың көктемінде ұсталған автомобильдерге баға күрт өсіп, сауда динамикасына жағымсыз әсер еткенін айтады.

«Қазақстанда жүрілген автомобильдердің бағасы 2021 жылдың соңынан бастап күрт өсуінің басты себебі  — тапшылыққа байланысты жаңа автомобильдерді жеткізу көлемінің төмендеуі және жартылайөткізгіштер құнының күрт көтерілуі. 2022 жылдың басында Қазақстандағы ішкі саяси жағдайға байланысты автомобиль нарығында аталған үрдістің сақталғаны байқалды», — деп жауап берді Aster Auto CARMA.KZ-ке берген жауабында.

Компаниядағылар Ресейге қарсы санкциялар мен олардың салдарынан Қазақстанға жаңа машиналардың партиясын жеткізудегі қиындықтарға байланысты автомобильдердің бағасы әрі қарай да өседі деп отыр. Отандық автонарықта бірқатар шетелдік брендтердің машиналарына тапшылық туындауы мүмкін. Көлік іздегендер сол кезде барып жүрілген автомобильдер нарығынан қолжетімді көлік іздей бастайтын болады.

Aster Auto шетелдік брендтер мен олардың ресми дилерлері машина жеткізу үшін логистиканы ретке келтірмейінше Қазақстанда ұсталған автомобильдерге баға өсе беретінін айтады.

Тұтынушылардың талғамына келетін болсақ, жүрілген көліктер саудасымен айналысатын Aster Auto және MyCar желілері шілденің басында-ақ қазақстандықтардың жүргеніне 5 жылға дейінгі көліктерді қалайтындықтарын атап өткен болатын. Дегенмен, жылы одан да көбірек көліктерге де сұраныс бар. Ол бағасының бәсекеге қабілеттілігімен, сондай-ақ автомобильдердің кейбір үлгілері соңғы жылдары культтік мәртебеге ие болғанымен байланысты.

Компаниялардың болжамы бойынша, жақын арада пайдаланылған көліктер сатылымының едәуір бөлігі «қолдан-қолға» форматтан мамандандырылған автосалондарға ауысады. Тарихы таза және техникалық жағдайы сәйкес ескі көлікті сатып алғысы келетін сатып алушылардың саны тұрақты өсуде.

Ұсталған автомобильдер әлем бойынша қымбаттап жатыр

Жүрілген автомобильдердің бағасы тек Қазақстанда ғана қымбаттап жатқан жоқ. Бұл жалпы әлемде орын алып отырған тренд. Мысалы, 2022 жылдың қаңтарында Ресейде ұсталған автомобильдердің орташа құны 640 мың рубльді (2022 жылғы ақпандағы бағам бойынша 4 млн теңге шамасында) құрады. Бұл 2021 жылдың бас кезімен салыстырғанда 60%-ға қымбат. 2022 жылдың ақпанында баға тағы 7%-ға өсті.

Мәскеуде және Санкт-Петербургте бағалар айтарлықтай жылдам өсіп бара жатқан жоқ, себебі ол жақтарда қайталама нарықта таңдау көп, деп жазады «Газета.ru».

2022 жылдың маусымында Жапонияда жүрілген автомобильдердің бағасы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 25%-ға жоғары болды. Бұл соңғы жылдардағы бағаның ең қатты өсуі болып табылады, деп жазады жапондық Nikkei газеті.

Еуропада да дәл осындай жағдай байқалып отыр. 2021 жылы басталған жүрілген автомобильдер бағасының өсуі бүгінге дейін жалғасуда. Мысалы, Германия мен Аустрияда ұсталған автомобильдердің құны айтарлықтай өскен. Машиналар шамамен 30%-ға қымбаттады.

AutoScout24 сату бөлімінің жетекшісі Майкл Люнен жалпы Еуропа бойынша ұсыныстар төмендеп жатқандықтан бағалар өсіп жатыр дейді. Жартылайөткізгіштердің жетіспеуінен жаңа көлік құралдарын шығару қысқарып осыған байланысты ұсталған автомобильдерге сұраныс артқан.

Осының салдарынан Еуропада алдыңғы аймен салыстырғанда ұсталған шағынлитражды автомобильдер 3,9%-ға қымбаттады.

Атап айтқанда, 2022 жылғы маусымда Ирландияда ұсталған автомобильдерге баға пандемияға дейінгі көрсеткіштен 64%-ға жоғары болды. Сонымен бірге Ирландияға ұсталған автомобильдердің импорты 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде 33%-ға төмендеді.

Done Deal экономисі Том Гиллеспидің сөзінше, 2022 жылдың ІІ тоқсанында Ирландияда автомобильдерге сұраныс былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,4%-ға құлдырады.

Үміт жоқ емес

Нарық ұзақ уақыт бойы құлдыраса да, бірқатар шетелдік автоконцерн микрочиптерді жеткізуде жағдай жақсарып келе жатқанын айтады. Mercedes Benz AG, Daimler Truck Holding AG және BMW AG толықкөлемде жұмыс істеу үшін микрочиптерді жеткілікті мөлшерде алып жатыр, алайда мәселе түбегейлі шешілді деп айтуға әлі ерте.

Мысалы, Mercedes-тің өндіріс және жеткізу тізбегін басқару бөлімінің жетекшісі Йорг Бурзер компанияның әртүрлі зауыттарында жоғары технологияларды жеткізу мәселесі ара-арасында туындап тұратынын, бірақ ол «былтырғы жағдаймен салыстырғанда түк те емес» деп мәлімдеді.

Автоконцерндер бұған дейін алып қойған тапсырыстарды орындауға жұмыс істеп жатыр. Алайда қазір инфляция үдеп, құрамдастардың бағасы қымбаттау ықтималдығына байланысты алаңдаушылық бар. Бұл өнімнің түпкілікті бағасына әсер етіп, әлем бойынша жаңа автомобильдерге сұранысты төмендетпек.

Микрочиптердің тапшылығы АҚШ-та автонарықтың ескіруіне себептің бірі болды. Жаңа машиналар ұсынысының шектелуі пайдаланылып жүрген көлік құралдарын кәдеге жарату көлемінің қысқаруына алып келді. 2021 жылы АҚШ-та кәдеге жарату көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 27%-ға төмендеді.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
31.07.2022, 17:21