Қазақстанда жылдамдық режимін бұзғандарды орташа жылдамдығынан анықтайтын болады
Жылдамдық режимін бұзғандарды тіркейтін «Сергек» жүйесіне арналған мұндай техникалық стандартты техникалық реттеу комитеті әзірледі.
Қазақстанда қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Аталған өзгерістер жылдамдық режимін бұзғандығы қозғалысының орташа жылдамдығы бойынша анықталған жүргізушілерді әкімшілік жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Жылдамдық режимін бұзғандығын орташа қозғалыс жылдамдығы бойынша анықтауды ҚР ІІМ 2014 жылдан бері ұсынумен келді. Себебі әдеттегі бейнетіркеу жүйесі аталмыш бұзушылықтарды толықтай ауыздықтауға мүмкіндік бермеді. Жүргізушілер камералардың орналасқан жерін жаттап алып, жылдамдықтарын дәл камераға жақындап қалған кездерінде азайтып, өтіп кеткен соң қайта асыратын болған. Бейнетіркеу жүйесінің камералары өзара байланысты болғандықтан бұл мәселені техникалық тұрғыдан баяғыда-ақ шешуге болатын. Себебі белгілі бір көліктің камералардың аралық дистанциясындағы жылдамдығын асыру фактісін анықтау өте оңай.
Алайда бүгінгі күнге дейін бейнетіркеу жүйесінің осыған қатысты мүмкіндіктері пайдаланылмай келді, себебі жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті анықтайтын заңнамада «қозғалыстың орташа жылдамдығы» деген ұғым жазылмаған. Десек те 2022 жылға арналған Ұлттық стандарттау жобасына сәйкес Қазақстандық стандарттау және метрология институты Техникалық реттеу және метрология комитетімен бірлесіп бейнетіркеу жүйесіне арналған ұлттық стандарт жобасын әзірлеп, оған осы ұғымды енгізді.
«Көлік құралы қозғалысының орташа жылдамдығы аталған учаскені жүріп өтуге көлік құралының жіберген уақытына бақыланатын учаскенің ұзындығына тең», — делінеді институт әзірлеген стандарт жобасының 3.14 тармағында.
«Автоматты режимде жұмыс істейтін және жол қозғалысын реттеуді қамтамасыз ететін фото және кино түсіру, бейнежазба функциялары бар арнайы техникалық құралдар. Жалпы техникалық талаптар» деп аталатын аталған ұлттық стандарт қабылданған соң «қозғалыстың орташа жылдамдығы» деген ұғым жол қозғалысы ережесіне және Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске жазылады.
Мұны баспасөз жиынында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Жандос Мұратәлиев растады.
«Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы тасжолдарда орташа жылдамдықты асырғаны үшін көлік құралын жүргізушілерді жауапкершілікке тарту мүмкіндігін қарастыратын түзетулерді әзірлеп жатыр», — деді Мұратәлиев.
Оның сөзінше, жаңа ереже қалааралық тасжолдарда сынақтан өткеннен кейін орташа жылдамдықты бұзғаны үшін ауылдық жерлерде де айыппұл салу тәжіриесін байқап көреді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетіндегілер нақтылап кеткендей, аталмыш стандартты жаз маусымының соңына дейін енгізу жоспарланған, осыдан соң парламент ӘЖтК-ға түзетулерді енгізетін болады.
Орташа қозғалыс жылдамдығын бұзғаны үшін салынатын айыппұлдың көлемі әзірге айтылған жоқ, алайда біздің ресурстың ІІМ-дегі дереккөзінің айтуынша, оның көлемі бүгінгі күні ӘЖтК-те жазылған айыппұлдардың көлеміндей болмақ: белгіленген 10-20 км/сағат жылдамдықтан асыру — 5 АЕК (1 АЕК — 3063 теңге, мамырдағы АЕК-тің 3 мың 180 теңге көрсеткішке өзгеруі тек зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердегі өзгерістерге қатысты) немесе 15 мың 315 теңге, 20- 40 км/сағ — 10 АЕК немесе 30 мың 630 теңге, 40 км/сағ жоғары — 20 АЕК немесе 61 мың 260 теңге.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда биылғы қаңтар-сәуір аралағында тіркелген 3,7 жол апаттарында жүргізушілердің жылдамдық режимін бұзу салдарынан 851 жол-көлік оқиғасы орын алған
Былтыр дәл осы кезең ішінде жылдамдық режимін бұзу 790 ЖКО-сына себеп болған, әрі республика бойынша қаңтар-сәуірде болған жол-көлік оқиғасының басым бөлігі ауылдық жерлерде орын алса, 757-сі халықаралық және республикалық маңызды тасжолдарда, 327-сі — облыстық және аудандық маңыздағы жолдарда болған.
Егор Васильев, корреспондент
26.07.2022, 10:15