Меню CARMA.KZ

АМӨЗ тоқтағаннан Қазақстанда отын тапшылығы туындамайды — сарапшы

Атырау МӨЗ-інде бір аптаға жететін отын қоры бар.

АМӨЗ-дің тоқтауынан Қазақстанда отын тапшылығы туындамайды – сарапшы / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
АМӨЗ-дің тоқтауынан Қазақстанда отын тапшылығы туындамайды – сарапшы / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

2022 жылдың 27 шілдесі күні күндіз Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) электр қуатының сөндірілуіне байланысты жұмысын тоқтатқанын хабарлады. Зауыттың отын желісі жағдай толықтай тұрақталғанша алау жүйесіне бағытталды.

«Апаттық тоқтаудың салдары қондырғы іске қосылған соң бағаланатын болады. Қазіргі уақытта тұтынушыларға жөнелту үшін зауыттың 26 мың тонна автобензин, 22 мың тонна дизель отыны, 4 мың тонна авиакеросин қор көлемі бар», — делінген АМӨЗ-дің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Атырау МӨЗ бас директоры Мұрат Досмұратовтың сөзінше, бензин мен дизель — 5-6 күнге, керосин бір аптаға жетеді.

2022 жылдың 28 шілдесі күні кешкісін зауыттың баспасөз қызметі МӨЗ-ге электр қуатын беру қалпына келтірілгенін хабарлады. Сол күні кәсіпорында жөндеу және іске-қосу-реттеу жұмыстары басталған. Осыдан соң қондырғының жұмыс істейтіндігі белгілі болмақ.

«Байдильднов.Мұнай» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Олжас Байдильдинов АМӨЗ-де энергиямен қамтамасыз ету мәселесі бұған дейін де туындағанын айтады. Апат жағдайында алауға бағыттау — бұл өнеркәсіп қауіпсіздігінің қалыптасқан ережесі, себебі мұнай үздіксіз өңделіп тұруы тиіс, сондықтан іркіліс туындағанда өртке қарсы қауіпсіздік мақсатында қалдықтарды алауға жөнелту қажет.

«Зауыт мұнай өнімдерінің қоры барын айтты, сондықтан апатқа байланысты тапшылық болмайды деп ойлаймын. Әрине, штаттан тыс жағдай болып отыр, бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл үлкен өндіріс болғандықтан, мұндай оқиғалар болып тұрады», — деп мәлімдеді Олжас Байдильдинов CARMA.KZ-пен арадағы әңгімеде.

МӨЗ-дердің жоспардан тыс тоқтауына байланысты Қазақстанда отын тапшылығы жиі туындайды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АМӨЗ-дің 372 рет жоспардан тыс тоқтағанын айтты. Бұл Қазақстандағы барлық мұнай өңдейтін зауыттардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш.

«Қазіргі мұнайды өңдеудің үдерістік тәсілі тиімсіз делдалдың кірістің басым бөлігін алып отыруға жол беріп келді, ал зауыттар жеткілікті қаржыландырылмады», — деді президент.

Бұдай былай аралас тәсілге көшу жоспарланып отыр. Ол мұнай өндіруші компаниялар мен мұнай өңдейтін зауыттардың өздері мұнай өнімдерінің маркетингін жүзеге асыруды қарастырады. Зауыттар кірістерін арттырып, қаражатты өндірісті жаңғыртуға және еңбекақыны көтеруге жұмсауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ үкімет Жаңаөзен мен Қашаған кен орнында газ өңдеуші зауыт салмақшы. Аталған зауыттардың сомалық қуаттылығы жылына 350 мың тонна газды құрайды.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
29.07.2022, 11:40