Жеңілдіктер лимитке байлаулы
БАҚ-тың хабарлауынша, кейбір банктер жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды тоқтатып қойған. Себебі мамырдың басында Өнеркәсіпті дамыту қоры жіберген қаражат игерілген. Жаңа транштардың түсу мерзімі әзірше нақтыланған жоқ.
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта жандандыруға бағытталған транштың сомасы 100 млрд теңгені құрады. Аталған қаражат қатысушы-банктер арасында: Еуразиялық банк — 35 млрд теңге (1-транш — 15 млрд теңге, 2-транш — 20 млрд теңге); БЦК — 27,5 млрд теңге Халық банкі — 15 млрд теңге; Форте банк — 15 млрд теңге көлемінде бөлінген болатын.
16 мамырда бағдарламаны қаржыландыру қайта жанданған соң қатысушы-банктер сомасы 71 млрд теңгенің 9 575 өтінімін мақұлдаған. Бұл мәліметті 3 маусымда Өнеркәсіпті дамыту қоры (ӨДҚ, бағдарламаның жаңа операторы — ескерт.) жариялаған болатын. Банктердің әрқайсысы бойынша мақұлданған өтінімдердің саны туралы ӨҚҚ-ның сайтында келесідей мәлімет келтірілген:
«Еуразиялық банк» АҚ — сомасы 15,6 млрд теңгенің 2 068 өтінімі;
«БанкЦентрКредит» АҚ — сомасы 25,9 млрд теңгенің 3 462 өтінімі;
«Қазақстан Халық банкі» АҚ — сомасы 19,4 млрд теңгенің 2 630 өтінімі;
«Forte Bank» АҚ — сомасы 9,9 млрд теңгенің 1 415 өтінімі.
«Іс жүзінде сатылуға дайын автомобильдер аз да болсын бар болғанымен, жеңілдетілген автонесие бағдарламасының өзі ресурсын тауысып қойды. Бұл өтінім қабылдау іске қосылған үш аптадағы жағдай. Механизмнің тиімділігі автоөндірушілер мен дилерлердің жұмысына емес, қаржыландырудың көлемі мен реттілігіне көбірек байланысты екені анық көрініп тұр», — деп пікір білдірді АТМО (Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығы) бас директоры Артур Мискарян.
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұған дейін бағдарламаға Қазақстан Даму банкі оператор болған еді. ҚДБ сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылғы 28 сәуірдегі жағдай бойынша сомасы 76 млрд теңгенің 15 885 несиесі берілген.
ҚР ИИДМ индустриалдық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбековтың айтқан ақпараты бойынша, 31 наурыздағы жағдай бойынша бағдарлама бойынша 30 мың автомобиль сатылған, ал берілген несиелердің сомасы 162 млрд теңгені құрады.
Бағдарламаның шарттары бойынша сатып алушылар «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» және «Hyundai Trans Kazakhstan» кәсіпорындарында шығарылған жеңіл автомобильдерді сатып ала алады. Бағдарлама 30 жылға есептелген және ол «револьверлік» несиелеуге негізделген, яғни банк несие алған жеке тұлғалардың негізгі қарызды өтеуден түсетін қаражаты есебінен автомобиль сатып алуға жаңа қарыз беретін болады.
Олжас Сабитов, журналист
03.06.2022, 19:18