Nissan 2022 жыл пайдалы болатындығынан үмітті
Компания 2021 жылдың қорытындысын жасап, 2022 жылға арналған қаржы болжамын жариялады.
Nissan 2022 жылы нарық коньюктурасы 2021 жылмен салыстырғанда әлдеқайда күрделі болады деп отыр. Оған жартылай өткізгіштердің жеткізілмей жатқандығы, шикізат бағасы мен логистика шығындарының жоғары болуы, Украинадағы дағдарыс, сондай-ақ Қытайда қосалқы бөлшектерді жеткізуге тыйым әсер етеді делінеді.
Дегенмен, мықты бизнес-негізі мен жалғасып жатқан түрленулердің арқасында Nissan операциялық пайданы 2021 қаржы жылындағы деңгейде ұстап тұруға тырысады. Сол арқылы өнімнің динамикасын, сауданың сапасын жақсартып, қаржылық тәртіпті одан әрі нығайту белгіленген шығындарды бақылауды одан әрі қамтамасыз ететін болады.
«2022 қаржы жылы маңызды жыл болады, себебі Nissan NEXT-тың соңғы жылы болып табылатын 2023 қаржы жылына жақындап келеміз. Бизнес-орта әлдеқайда күрделі болады деп отырсақ та, Nissan кез келген бизнес-ортада қаржылай тұрақты және кірісті бола алатын, шынымен сауыққан әрі тұрақты компания болып қала беруі үшін түрлену жоспарымызды орындайтынымызға сенімдіміз. Біз 2023 қаржы жылында операциялық маржаның 5%-ын жоспарымыздың мақсаты етіп қойып отырмыз», — деді жағдайға пікір білдірген Nissan президенті және атқарушы директоры Макото Учида.
Компания Токио қор биржасына берген болжамына сәйкес келесідей көрсеткіштерді көздейді: таза түсім — 10 трлн (70 млрд доллар шамасында), 250 млрд иен көлемінде операциялық кіріс (1,92 млрд доллар) және таза пайда – 150 млрд иен (1,15 млрд доллар шамасында).
«Nissan Motor Co., Ltd. компаниясының 2010 жылы басталған, 2023 қаржы жылының соңына қарай тұрақты өсімге, қаржылай тұрақтылық пен табыстылыққа жету жөніндегі төртжылдық Nissan NEXT жоспары бар. Nissan жоспарды жүзеге асыру арқылы операциялық кірістің 5% маржа көлеміне және 2023 қаржы жылының соңында әлемдік нарықтың 6% көлемінде тұрақты үлеске жетуге тырысады. Компания бұл көрсеткіштерге өзгермелі өмір стилі және олардан күтілетін болжамдарға сәйкес клиенттердің Nissan-мен өзара қарым-қатынасының барлық аспектілерін жетілдіру арқылы жетуді көздейді. Осы доктринаға сәйкес жүретін түрлену үш қағидаға негізделеді: клиентке бағдарлану, эргономикалық дизайн және кіріктірілген цифрлы орта (оның ішінде планшеттер, конфигуратор және бейнепанельдер), яғни дилерлік орталықтарды жаңғыртуды қарастырады», — деді CARMA.KZ-ке Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының директоры Артур Мискарян.
Оның келтірген дерегінше, Nissan автомобилінің Қазақстандағы ресми дилерлері ұсынатын бірқатар моделі Ресейден жеткізіліп тұрды. 2021 жылы аталмыш марканың саудасы 60% деңгейінде өсім көрсеткен, барлығы 4 мыңға жуық автомобиль сатылған. Алайда биылғы жылы жапондық осынау марканың нарықтағы үлесі төмендеген: өткен төрт айда барлығы 728 автомобиль сатылған, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 33%-ға аз.
Шығынды болған соңғы үш жылдан кейін 2021 жыл – компания жағымды қаржылық қорытындыға жеткен алғашқы жыл болғанын қоса кетейік.
«Қаржы жылы Nissan-ның үш қаржы жылында алғаш рет кірістілікке және 2% көлемінде операциялық маржаға жеткен жыл болды, бұл Nissan NEXT бағдарламасы аясында маңызды кезеңге айналды», — делінеді компанияның сайтында жарияланған хабарламада.
Онда «2021 қаржы жылы жаңа коронавирустың ұзақ уақыт бойы таралуы, жартылай өткізгіштерді жеткізудегі тапшылық пен шикізаттың қымбаттығы секілді сыртқы факторларға байланысты өте ауыр болды» делінген.
«Дегенмен аталған проблемаларға қарамастан, Nissan бизнес-негізін нығайтып, сауданың сапасын арттырып және нарыққа жаңа модельдерді шығара отырып өзінің түрлену жоспарын сенімді түрде ілгерлетіп жатыр», — деп мәлімдеді компания.
Таратылған хабарламада айтылғандай, «2021 қаржы жылында қаржылық тәртіп пен тұрақты шығындарды қатаң бақылаудың арқасында табыстылық былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған». Осының бәрі және оған қоса АҚШ-тағы нарықтық қолайлы жағдайлардың арқасында әлем бойынша сауда сапасының жақсаруы жаңа негізгі модельдердің әрқайсысынан таза пайданы әжептәуір арттырып, ол өз кезегінде осы кезең ішінде табыстылықтың артуына ықпал етті.
Қорыта келгенде, жалпы қаржы жылында жиынтық таза пайда 8,42 трлн иенді (64 млрд доллар шамасында) құрап, операциялық кіріс 2,9% операциялық маржамен 247,3 млрд иен (1,85 млрд доллар шамасында) көлемінде болды, ал таза кіріс 2020 жылы 448,7 млрд иен көлеміндегі немесе 3,5 млрд доллар шамасындағы таза шығыннан кейін 215,5 млрд иенді (1,65 млрд доллар шамасында) құрады.
Вадим Григорьев, журналист
13.06.2022, 16:49