Ресейде сақтандыру құжаты болмағаны үшін салынатын айыппұлды өсіруді ұсынды
Санкт-Петербургтегі заң шығарушы жиналысының депутаттары жүргізушілерге сақтандыру құжатын алғаннан гөрі, айыппұл төлеу тиімдірек болып тұр деп санайды.
Санкт-Петербург заң шығарушы жиналысының депутаттары (Қазақстандағы мәслихат ұқсас) автокөлік жүргізушілерінің азаматтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру талаптарын сақтамағаны үшін елдегі айыппұлдарды бірнеше есе арттыруды ұсынды, деп хабарлайды «Парламенттік газет».
Мұндай бастаманы депутаттар Игорь Высоцкий мен Анастасия Мельникова көтерді. Олар ӘҚБтК-нің 12.37-бабын өзгертуді ұсынады. Нақтырақ айтсақ, сақтандыру құжаты ресімделген, бірақ жол полициясы тоқтатқан кезде жарамсыз немесе өзімен болмай шыққан жағдайда автокөлік жүргізушілерін жазалауды ұсынады. Бірақ айыппұлдың құнын қазіргідей 500 рубльге емес (қазіргі бағам бойынша 3 мың 728 теңге), 3 мың рубльге (22 мың 373 теңге) өсірмекші. Көлікке азаматтың жауапкершілігін міндетті сақтандыруды (ОСАГО) мүлдем ресімдемеген жүргізушілерге 800 емес (6 мың 008 теңге), 5 мың рубль (37 мың 551 теңге) айыппұл салуды ұсынды.
Депутаттардың айтуынша, 2013 жылдан бері мұндай жағдайда салынатын айыппұлдар өспеген. Дей тұрғанмен, Ресейдегі жеңіл көліктер үшін міндетті сақтандырудың базалық мөлшерлемесі осы уақыт ішінде 1 мың 646 рубльден 7 мың 535 рубльге дейін өсті (12 мың 362 теңгеден 56,5 мың теңгеге дейін). Соңғы жылдары сақтандыру құны мен айыппұл мөлшеріндегі үлкен айырмашылыққа байланысты көлік иелері оны сақтандырудан гөрі, айыппұл төлеп жүре бергенді жөн көретін болған. Ал оның салдарынан адал жүргізушілер зардап шегеді, дейді Мельникова.
«Осы мәселе бойынша өтініш білдіргендердің арасында апатқа ұшыраған және оқиғаға кінәлі емес бір азамат болды. Көлікке келтірілген залалды міндетті сақтандыру құжаты есебінен өтеуге болатын еді, бірақ кінәлі тарапта ол болмай шықты. Салдарынан, апатқа кінәсіз адам құжаттарды жинап, сараптама жүргізіп, көлігін өзі жөндеуі керек, содан кейін ғана сотқа жүгініп, кінәліден жұмсалған сома мен шығындарды өндіре алады. Оның жеңетіні анық. Бірақ осыған жұмсаған уақытын оған ешкім қайтармайды», — деген депутаттың сөзін басылым келтіріп отыр.
Айыппұлдар мөлшерін ұлғайтуды бастама етушілер уақыт өте келе бұл үлкен мәселеге айналуы мүмкін деп санайды. Өйткені өткен жылы Ресейдің 39 аймағында міндетті сақтандыру құжатын тіркемеген бұзушылар саны артқан. Әсіресе Мәскеу облысы, Краснодар аймағы және Мәскеу
қаласында бұндай жағдайлар көп тіркелген. Алайда, Ресей Федерациясының жоғары заң шығарушы органдарында Санкт-Петербург депутаттарының бастамасын барлығы бірдей қолдаған жоқ. Мемлекеттік Думаның экономикалық саясат комитеті төрағасының орынбасары Михаил Делягин, айыппұлдарды көбейтпес бұрын сақтандырушылардың тарифтерін жүргізушілердің төлем қабілеттілігіне сәйкес келтіру керек деді.
«Егер парламентшілер ең алдымен жүргізушілердің өмір сүру деңгейіне сәйкес келетін міндетті сақтандыру тарифтерін қалыпқа келтіру туралы бастаманы көтеріп барып, содан кейін ғана міндетті сақтандырудан бас тартқаны үшін айыппұлдарды күшейткісі келсе, онда бұл түсінікті және қисынды болар еді», — деп түсіндірді депутат.
Мемлекеттік Думаның көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті төрағасының бірінші орынбасары Павел Федяев, 2018 жылы Мемлекеттік Думаға (Ресей парламентінің жоғарғы палатасы) айыппұлдарды көбейту бойынша ұқсас заң жобасы енгізілгенін еске салды. Бірақ ол қабылданбаған. Оның пікірінше, егер тәртіп бұзушылар қатаң бақылауда болса, қазіргі мөлшеріндегі айыппұлдардың тиімділігін арттыруға болады.
«Мен бұл үшін айыппұлдарды көбейтпес едім, оның орнына қазіргі барын егжей-тегжейлі қарауды
ұсынамын. Сақтандырусыз көлік жүргізгендерге айыппұлды шексіз жаза берсе болады. Егер бұл іспен көптен бері уәде етілген жол камералары айналысса, айыппұлдың көлемін арттырмай-ақ мәселені шешуге болады», — деді Федяев.
Ресейге қарағанда, елімізде сақтандыру құжатының болмағаны үшін айыппұл (10 АЕК немесе 30 мың 630 теңге) мен сақтандыру құны арасындағы алшақтық мәселесі жоқ. Freedom Finance Insurance СК деректері бойынша, 2022 жылғы мамырда Қазақстанда міндетті онлайн сақтандыру құжатының орташа құны 14,5 мың теңгені құрады. Яғни сақтандырудың орташа құны айыппұлға қарағанда, екі есе аз.
Егор Васильев, корреспондент
08.12.2022, 15:30