«Соллерс» Mazda-ның зауытында Omoda кроссоверін шығарады
Mazda жуырда «Соллерс» компаниясының ресейлік зауытындағы үлесін сатқан болатын.
Владивостоктағы Mazda-ның бұрынғы зауытында Omoda автомобильдері көзге шалынып отыр. Демек, кәсіпорында дәл осы көліктерді өндіре бастауы мүмкін деген сөз, деп жазады «Китайские автомобили» порталы.
Осының алдында жапонның Mazda Motor көлік өндірушісі Владивостоктағы жапон маркасының автомобильдерін шығаратын бірлескен кәсіпорындағы үлесін «Соллерс» ресейлік тобына өткізу туралы келісімге қол қойған болатын.
Mazda-ның кезекті қаржылық тоқсанының қорытындысы бойынша жасаған есебіне сүйенсек, тиісті келісім қазан айының 24-інде жасалған. Жапон концернінің 50%-ын сатып алу жөніндегі мәміледе үлес құны 1 еуроға сатылғаны және жапон көлік өндірушісі алдағы 3 жыл ішінде БК-дағы үлесті кері сатып алу құқығын сақтап қалатыны қарастырылған.
«Соллерс» болса, бірлескен кәсіпорындағы жапон өндірушісінің үлесін сатып алу жөнінде келісім жасалғанын растады және келесі, 2023 жылы Владивостоктағы зауытта жаңа өнімдерді іске қосуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Биылғы наурызға дейін Владивостокта Mazda CX-9 және Mazda CX-5, сондай-ақ Mazda 6 седаны шығарылып келді. Былтыр кәсіпорын 29 мың көлік шығарған. Еуропаның бизнес қауымдастығының дерегі бойынша, Mazda Ресейде 2021 жылы 29,177 мың автомобиль сатыпты.
2022 жылдың шілде айында Қиыр Шығыстағы зауытқа құрамында Geely компаниясының өкілдері де бар Қытайдан делегация келген болатын. Ал оған дейін Chery-мен әріптестік туралы келіссөз жүргізілген еді. Алайда бұған қатысты қытайлық компания әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
13.11.2022, 17:00