Меню CARMA.KZ

«Қытайда» шығарылғанның бәрі «арзан» емес

Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының директоры Артур Мискарян әлемдік және қазақстандық көлік нарығындағы жағдай мен тенденциялар жайлы.

Артур Мискарян: «Қытайда» шығарылғанның бәрі «арзан» емес
Артур Мискарян: «Қытайда» шығарылғанның бәрі «арзан» емес

Әлемдік көлік нарығы 2019 жылы басталған микросхемалардың жетіспеушілігі мен логистика жолдарын трансформациялау секілді стресс-факторлардың әлі құрсауында отыр. Биыл халықаралық-саяси жағдай мен ірі көлік концерндері солтүстік көршіміздегі өндірісін тоқтатуы әлемдік өндіріс көлемдерінің төмендеу мәселесін ушықтырып жіберді. Біріншіден, Toyota, VW, Nissan, Renault және басқа да брендтердің ресейлік зауыттары ТМД елдері нарықтарының сұранысын қамтамасыз етіп тұрған болатын. Екіншіден, ресейлік және украиндық шикізат (металдар, газ) пен көлік құрамдастарын (электр сымдары, жгуттар мен коммутаторлар) жеткізушілер бүкіл әлем бойынша көлік зауыттарының сұранысының көп бөлігін қамтамасыз етіп тұрған еді.

Әлемдік өндіріс көлемі 2019 жылға дейін 93-97 млн автомобиль деңгейінде болып келді. 2020 жылдан бері 77-80 млн автомобиль деңгейіне төмендеді. Биылғы жылдың соңына қарай әлемде 82 млн автомобиль шығарылады деген жағымды болжам бар, яғни, белгілі бір сегменттер тапшылық қыспағынан аздап шыға бастаған. Дегенмен де әлемдік нарықтағы ұсыныстардың көлемі қазіргі сұраныстан әлдеқайда төмен.

Әлемдік нарықтың осындай жай-күйінде Қазақстанда позитивті динамика сақталып отыр. Қазақстандықтар 2019 жылы көлік салондарынан 71 мың, 2020 жылы — 89 мың, 2021 жылы 117 мың автомобиль сатып алған. Биыл Ресейден еуропа мен жапон брендтерінің автомобильдері мүлдем жеткізілген жоқ, алайда соған қарамастан сауда көлемі былтырғы деңгейде қалып отыр. Шындап келгенде, жерсіндірілген модельдерді шығару мен қытайлық брендтер қатарының артуының арқасында жағдай сақталып қалды. 2019 жылы біздің нарықта ресми түрде тек екі қытай бренді ғана болды, ал 2020 жылдың күзінде олардың саны жетеуге жетті. Бүгінде олар нарықтың шамамен 7%-ын иеленеді.

Қазір 2023 жылы әлемдік нарықта автомобиль өндірісі айтарлықтай өсуі мүмкін дейтіндей тікелей немесе жанама белгілер жоқ. Демек, бағаның төмендеуіне және автомобильдердің қысқа уақытта жеткізілетіндігіне қатты үміт артпаса да болады. Қазақстан мен ресей нарықтарында қытайлық брендтердің қатары көбейетіні анық, алайда «қытайлық» өндірістің барлығы бірдей арзан деген сөз емес: қыркүйектегі жағдай бойынша қытайлық ұсыныстар бойынша орташа төменгі баға 14,6 млн теңгені құрады.

Сыртқы жаңа әсерлер мен реттеушілік саясатта күрт өзгерістер туындамайтын болса,  елімізде жерсіндірілген танымал брендтерге сұраныс сол қалпы сақталады: яғни,  қонымды баға, сервистік қызмет көрсету ауқымдылығы мен өтімділік тұрғысынан тиімділері сол болмақ. Тұтынушы үшін көлікті жеңілдетілген несиеге иек арта отырып сатып алу — ынталандырудың тағы бір жолы болмақ. Дей тұрғанмен, бағдарламаны қорландыру айтарлықтай қомақты емес, әрі еліміздің қазіргі өндірістік қуаты да шамалы. Оған саладағы инженерлік-техникалық деңгейдегімен қатар, менеджментте маман тапшылығын қосып қойсаңыз да болады.

Авторский материал на CARMA.KZ

Авторский материал на CARMA.KZ, в котором позиция редакции может не совпадать с мнением автора
23.11.2022, 15:05