Меню CARMA.KZ

Porsche Cayenne-нің қалта көтерер баламасы

Changan UNI-k― 2022 жылы Қазақстанда көптен күткен модель. Осынау қытайлық көлікті арнайы CARMA.KZ үшін Болат Омарбеков сынап көрді.

Porsche Cayenne-нің қалта көтерер баламасы / Фото: CARMA.KZ
Porsche Cayenne-нің қалта көтерер баламасы / Фото: CARMA.KZ

Қытайлық өндірістен шыққан көліктердің Орталық Азияның көлік нарығын жаулап алып жатқан қазіргі уақытта солардың арасында Changan UNI-K өзінің футуристік сыртқы келбетімен ерекше көзге түсіп отыр. Қытайлықтардың өздері болса оны Porsche Cayenne-нің бюджеттік нұсқасы деп әзілдейді. Әрине, бұл туралы көп әзілдеуге болады, бірақ менің ойымша ― бұл дизайн жақын арада ескірмейді.

Сыртқы келбеті

Жіңішке сызықты жарықдиодты фаралар капоттың жоғарғы жағында орналасқан, ал бампер көліктің тұтастай алдыңғы бөлігін алып жатыр. Радиатор торы ауаны қабылдауға арналған ұяшықтары бар алтыбұрыш түрінде жасалған, төменгі бүйір жақтарында жүру кезінде пайдаланылатын үлкен шамдары бар. Одан төмендеу жағында бейімделетін круиз-бақылау радарын байқауға болады.

Көліктің сыртқы көрінісі спорттық стильде жасалған. Тар бүйірлік әйнек, сондай-ақ артқы жағындағы терезе сызығы шапшаңдығын білдіреді. Көліктің есіктеріндегі суырылмалы тұтқалары, штампталған шанақтың өткір қырлары әдемі көрініс береді. Аркаларында 21 радиустық үлкен дискілер орналасқан.

Автомобильде артқы көрініс камерасы жасырылған екі тоқтау сигналы бар. Одан төмен динамикалық бұрылысты жарықдиодты жолақ орналасқан. Ал оның ортасында компания логотипі жазылған.

Дизайндағы сызықтардың осындай үйлесімі жұртшылықтың назарын бірден аудартыны анық. Менен жиікөліктің құнын сұрайтын және көбісі оны электромобильмен шатастыратын. Changan UNIC-тің қанық әрі жарқын түсі ерекше көрінеді әрі қала көшелерінде ағылып жүретін әдеттегі қара және ақ көліктермен араласып кетпейді.

Салоны

Changan UNI-K салонына бірінші рет отырған кезде бірден көңілінді жаулап алады. Көліктегі мониторлардың көп екенін көріп, бірінші кезекте мынандай ойға келесің: Әдеттегі түймелер қайда? Олар рульде, орталық тоннельде және есік карталарында орналасқан екен. Қалғанының бәрі сенсорлық басқару жүйесі болғандықтан, басында ыңғайсыз болып көрінуі мүмкін. Алдыңғы қатардағы орындықтарға электрондық реттеу қарастырылған. Ал жүргізуші орындығында бас тіреуіште қосымша динамикалар бар. Арқаға ауырпалық түспеу үшін, бүйірлік тірек пен түрлі реттегіштердің бар екенін атап өткім келеді. Бірақ орындықтың жастықтары қысқа болғаны өкінішті. Менің ойымша, бұл Аспанасты елінің адамдарының дене бітіміне негізделіп жасалған. Сол себепті, артқы орындықтардың бір ерекшелігі ― оларға отырғаннан гөрі, төбенің панорамалық әйнегіне қарап жатуды қалайсың.

Жүргізуші орындығына оралайық. Алдымызда үш дисплей бар: сол жақта шинаның қысымы, есіктің ашылып қалуы және толық жетектің күйі туралы ақпарат көрсетіледі. Орталық монитор жылдамдық көрсеткіштеріне, бейімделетін круиз-бақылауға, борттық компьютер деректеріне жауап береді. Ал оң жақта тахометрдің күйі, жүріс қоры және отын шығыны туралы ақпаратты таба аласыз.Әрі онда артқыкөрініс камераларынан алынған бейнені көрсету опциясы бар. Артқы терезе тар ашылғандықтан, салон айнасынан нашар көрінеді. Сондықтан осы монитордан жол жағдайын бақылау ыңғайлы.

Бір қызығы, көліктің қиғаш рулі жүргізуге ыңғайлы. Ол тегіс былғарыдан жасалған. Дисплейлерден ақпаратты оқу үшін жоғарғы қиғаш қажет, төменгі жағы жүргізушінің ыңғайлы орналасуына жауап береді. Рульде стандартты круиз- бақылау және мультимедиалық басқару түймелері бар.

Porsche Cayenne-нің қалта көтерер баламасы / Фото: CARMA.KZ
Porsche Cayenne-нің қалта көтерер баламасы / Фото: CARMA.KZ

Артына отырамыз

Артқы орындықтан жолаушы креслосына дейінгі арақашықтық ― өте үлкен. Яғни аяғыңызды көтеріп еркін отыра аласыз. Әрі қасыңызда отырған тағы екі адам өздерін жайлы сезінеді. Бірақ ортасында 2 шыныаяқ ұстағышы орнатылғандықтан, сол жерге отыратын жолаушыға ыңғайсыз болатыны анық. Артқы орындықтарды аз да болса жылжытуға болады. Қытайлық өндіруші оларға электрлі жылытқыш және климаттық жүйенің дефлекторларын орнатқан. Оған қоса, мобильді телефонды қуаттауға арналған USB-A сымдары бар.

Жүксалғыш

Шанақтың мұндай өлшемімен жүксалғыштың үлкен көлемі жайлы айту қиын. 351 литрді артқы диванды бүктеу арқылы екі есе арттыруға болады. Функционалдан тек жарықтандыруды атап өтуге болады. Багажды бекітуге арналған проушин қарастырылмаған. Тек резеңке төсенішке үміт артуға болады. Оған қоса, жүксалғыштың пердесі жоқ. Бірақ мүмкін ол тек сынақ көліктерінде ғана шығар.

Қозғалтқыш және трансмиссия

Changan UNI-K 2.0 тартым қозғалтқышы бар, 380 Нм айналу моментінде 226 а.к., AISIN-нің соңғы буын 8 сатылы роботты автоматты беріліс қорабы бар.Жанармай түрі бензин, жанармай багының көлемі 70 литр, сынақтағы отын шығыны трассада 9 литрді көрсетті. Қозғалтқыш пен беріліс қорабының бұл үйлесіміне қарап, автомобильге жүктелген барлық міндеттерді толық орындауға күші жететінін толық сеніммен айтуға болады. Қалалық көшеде аталмыш көлікпен түрлі қозғалыс жасауға, ал трассада кез келген көлікті басып озу оңайға түседі. Бірақ шыны керек, газ педалін толығымен басқан кезде, көлік бір секундтай ойланып барып, бір-екі берілісті «секіріп» өтіп, тұрған орнынан орғи жөнеледі. Болашақта мұндай кідірістердің орын алуы мүмкін екенін біліп, әрекеттерінді алдын ала жоспарлайсың.

Автокөлік «ЭКО» режимінен бастап «СПОРТ»-қа дейінгі мотор мен автоматты беріліс қорабының бірнеше алдын ала орнатылған бағдарламаларын таңдауға мүмкіндік береді. Шынымды айтсам, динамикада үлкен айырмашылық байқаған жоқпын. Тек көлік рулі қатты әрі икемді бола түсті, ал дисплейлердің жарығы ашық жасылдан қанық қызылға дейін түсін өзгертеді.

Басқару

Көлік трассада әдеттегідей жүреді. Кішкентай соққылар кезінде автомобильдің аспасы жұмсақ әрі тегіс болады. Кенеттен бір жағдай болып қалған кезде, тұрақтандыру жүйесі жылдамдықты бәсеңдетпестен автомобильдің траектория бойынша қозғалысын сақтауға мүмкіндік берді. Кей тұста автомобильдің артқы жағы тайғанақтап кеткен секілді көрінді, бірақ құрғақ асфальтта бүрлі шиналардың дәл осылайша әрекет етті деп ойлаймын, өйткені дәл осы көлікті бұған дейін жүргізіп көргенімді, мұндайды байқамаппын.

Шыны керек, тегіс емес жолмен жүрсең, бірден аспаның қысқа жүрісі сезіледі. Мен Бартоғай су қоймасына жөнделмеген жол бойымен 60 км/сағ жылдамдықта келе жатқанда, амортизаторлардың соққысын естідім. Дегенмен, аталмыш көлік қаланың жолдары мен трасса да жүруге көбірек маманданған.

Круиз-бақылау

Бұл көлікте бейімделетін круиз-бақылау қарастырылған. Автокөлік әуесқойлары оны қазірдің өзінде «автопилот» дерлік көлік деп санайды. Іс жүзінде қозғалыс жолағынан шықпау, алдыңғы көлікке дейінгі қашықтықты қадағалау және функцияны қосқан кезде орталық дисплей алдыңғы көлікке дейінгі ақпаратты көрсетеді. Рульді жолақтан баяу жылжығанда кезде жіберсе, автомобиль жолдың шетіне шығып кетпей, дәл жолақтың ортасында қалады. Бірақ біраз уақыттан соң жүргізушіге рульді қайтадан өз тізгініне алу туралы хабарлама келеді. Бұны күнделікті өмірде қаншалықты қолдана аламыз? Әрине, тәжірибе ретінде байқап көруге болады, десек те бұл жүйенің негізгі мақсаты ― қауіпсіздік және алдын ала сақтандыру.

Тежелу

Тежегіш жүйесі қызметін жақсы атқарады. Басқыш көлікті ақырындап тежеуге мүмкіндік береді. Қатты тежеу кезінде ABS жүйесі іске қосылады және көлік жолдың шетіне шығып кетпейді.

Дауыстық көмекші

Рульдегі түймені басып немесе «Сәлем Чаньнань» деген сөйлемді айтсаңыз, автомобиль дауыстық көмекшіні қосады. Ол көлікті басқаруды жеңілдету үшін енгізілген жүйе. Мысалы, оның көмегімен көліктің терезесі, люгі ашылды. Тіпті, климаттық жүйені де басқаруға мүмкіндік береді. Менде орындауға болатын командалардың толық тізімі болмағандықтан, қиялыма қарай жасадым. Көлік көбінесе мені түсінбеді және «Мен әзірге өшемін» деген сөздермен күту режіміне ауысып кететін.

Авторский материал на CARMA.KZ

Авторский материал на CARMA.KZ, в котором позиция редакции может не совпадать с мнением автора
26.11.2022, 21:49