BMW Штаттарда электрлі көліктер шығаруға 1,7 млрд доллар инвестиция құяды
2030 жылға қарай неміс концерні АҚШ-та электромобильдің кемінде алты моделін шығармақшы.
Немістің Bayerische Motoren Werke AG (BMW) көлік өндірушісі Құрама Штаттар аумағында электромобиль шығаруға 1,7 млрд доллар шамасында инвестиция құятынын мәлімдеді, деп хабарлайды Finmarket.
Агенттіктің жазуынша, аталған қаржының көбі (1 млрд доллар) Оңтүстік Каролина штатындағы Спартанбург қаласында жұмыс істеп тұрған концерннің зауытын қайта икемдеуге бағытталады. Бұған дейін ішкі жану қозғалтқышты көлік шығарып келген желілер электрлі қозғалтқышты көлік шығаруға қайта құрылады, делінеді BMW хабарламасында. 2030 жылы мұнда кемінде электромобильдің алты моделі өндірілмекші.
Қалған 700 млн долларды неміс компаниясы осы штаттағы Вудрафф қаласында электрокарларға арналған батарея шығаратын жаңа зауыт салуға жұмсайды. Жаңа өндірістік алаңда 300-дей жаңа жұмыс орны пайда болады әрі еуропалық концерннің мұхиттың арғы бетіндегі табысын еселейтін болады: компания 2021 жылдың өзінде өзінің барлық табысының 20%-дан астамын АҚШ-та тапты. BMW Штаттардағы нарықтың есебінен өзінің саудасындағы электрокарлардың үлесін 2030 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізуді көздейді.
Volkswagen AG және Mercedes-Benz Group AG секілділермен қатар Германия өнеркәсібінің алпауыты саналатын неміс концерні қазіргі таңда өзінің өндірістік активтерін басқа жаққа көшірумен айналысып жатыр: қарашаның басында BMW AG басқарма төрағасы Оливер Зипсе негізгі сату нарықтарының бірі — Қытай екенін айтқан болатын. Компания Аспанасты елінде 1994 жылдан бері 6 млн-нан артық автомобиль сатып, Шеньянда құрастыру алаңын ұстап отыр.
Айта кетейік, өндірістік қуаттарын Қытайға көшіру жайын концерн басшылығы биылғы қазан айында сөз ете бастаған еді. Ол кезде Bayerische Motoren Werke AG Ұлыбританияда Mini автомобильдерінің электрлі нұсқасын шығаруды тоқтатып, осы электромобиль моделін Қытайға көшіретіні белгілі болды. Бұған дейін e-Mini Оксфордта құрастырылды (зауыт жылына 40 мың электромобиль шығаруға қауқарлы).
Енді қазір BMW мен қытайлық Great Wall Motor-дың бірлескен кәсіпорны неміс концерніне шығыс Қытайда электрлі Mini Aceman секілді, хэтчбэктер мен шағын жол талғамайтын көліктер, шығаруға мүмкіндік бермек. BMW, сондай-ақ Mini-дің модельдер қатарындағы ең үлкен автомобиль болып табылатын Countryman-ның жаңа электрлі нұсқасы Лейпцигтегі зауытта шығарылатынын мәлім етті. Ал Британияда АҚШ, Жапония және Таяу Шығыс нарықтарына экспорттау үшін бензинді Mini Coopers-тың үшесікті, бесесікті және карбриолет нұсқалары нұсқалары шығарылады. Оған қоса концерн ішкі жану қозғалтқышты Mini 2030 жылға дейін шығарыла беретінін айтты.
Егор Васильев, корреспондент
07.11.2022, 14:51