Қазақстанның тек бір облысындағы жолдарда бейнебақылау жүйелері жұмыс істейді
Полиция жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін тіркейтін жүйелерді көбейткісі келеді.
Қазақстанның жолдарында жол қозғалысы ережесі бұзушылықтарын тіркейтін автоматты жүйелері жеткіліксіз пайдаланылады. Бұл жол қауіпсіздігіне теріс әсер етіп жатыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметтің 4 қазанда өткен отырысында осындай пікір білдірді.
«Республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйелері тек Ақмола облысында ғана бар. Біздің басты міндетіміз — жол қауіпсіздігі, апаттық пен өлім көрсеткіштерін азайту бойынша кешенді шешімдер әзірлеу», — деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.
Ол әкімдіктерге жолдардағы ережелерді бұзушылықтарды тіркеу камераларын көбейтуді тапсырды.
Қазір Қазақстан бойынша 17 мыңнан астам бейне тіркеу құралы бар. Олар еліміздегі барлық ЖҚЕ бұзушылықтарынның 50%-ын ғана тіркейді. ІІМ айтуынша, Астана және Шымкентте бұл көрсеткіш 70%-ға дейін жетеді.
Алайда, Марат Ахметжанов ел көлемінде 17 мың камера жеткіліксіз екенін айтады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 43, ал Павлодар (58), Қызылорда (65), Маңғыстау (70), Ақмола (82), Батыс Қазақстан (94) және Түркістан (100) облыстарында олардың саны 100 бірліктен аспайды.
Сондай-ақ, Қазақстанның 6 қаласында (Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау және Түркістан) «Қорғау» бағдарламасы қолданылады. Полицияның айтуынша, жүйе жалған нөмірлі, сақтандырусыз, іздеуде жүрген немесе жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын және айыппұл төлемейтін көліктерді анықтауға мүмкіндік береді.
«Бұрын осы үшін барлық көліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеруге тура келетін. Енді жүйе көше камераларының деректерін тексере отырып, таяу маңдағы полицейдің планшетіне «қауіпті» жүргізуші жақын жерде екенін хабарлайды. Осылайша, полиция жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарды бірден табады», — дейді Марат Ахметжанов.
ІІМ мәліметінше, «Қорғау» жүйесінің көмегімен жалған нөмірлі 604 көлік және жүргізуші куәлігінен айырылған 1,6 мың жүргізуші анықталды. Нәтижесінде 2,4 мың мемлекеттік нөмір тәркіленіп және 8 мың көлік айып тұрағына қойылды.
«Осы орайда, өңірлердің әкімдеріне барлық ірі елдімекендерде қажетті жүйелерді енгізуді жеделдетуді ұсынамыз. Бұл жол қозғалысы мәдениетін арттыруға және жазадан сытылып кетпеулерін қамтамасыз етуге көмектеседі», — деп толықтырды министр.
Бұдан бөлек, жолдардың ақылы учаскелерінде 106 жылдамдық режимін бақылау камерасы орнатылған. Оның 6-уы «Астана — Бурабай» тас жолында орнатылған. Бірақ полиция бұл өте аз деп санайды.
ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, биыл қаңтар-сәуірде елімізде тіркелген 3,7 мың жол апатының 851-інде жүргізушілердің жылдамдық режимін бұзу салдарынан орын алды. Өткен жылдың дәл сондай кезіңінде, жылдамдық режимін бұзу 790 ЖКО-ға себеп болды. Бұл ретте қаңтар-сәуірде республикадағы жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі (2,7 мың) елдімекендерде орын алған. Атап айтсақ, 747-сі халықаралық және республикалық маңызы бар трассаларда және 327-сі облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда тіркелген.
Сонымен қатар, ішкі істер министрлігі апатты азайту үшін, автоматты радар мен камералары бар патрульдік көліктерді пайдалануды тиімді шешім деп санайды. Қазір еліміз бойынша патрульдік 60 көлік тіркелген:
- Ақмола облысында — 5 бірлік;
- Жамбыл облысында — 10 бірлік;
- Маңғыстау облысында — 10 бірлік;
- Батыс Қазақстан облысында — 6 бірлік;
- Қостанай облысында — 6 бірлік;
- Қарағанды облысында — 11 бірлік;
- Ұлытау облысында — 3 бірлік;
- Павлодар облысында — 4 бірлік;
- Түркістан облысында — 5 бірлік.
«Бұл ретте Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарының әкімдіктері мұндай қондырғыларды сатып алған жоқ», — деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов үкімет отырысында.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
06.10.2022, 11:44