Таиландтың автомобиль өнеркәсібі қалай дамыды
Тай елінің автомобиль өнеркәсібі Оңтүстік-Шығыс Азияда көш басында тұр.
Таиланд — Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекет. 2020 жылы елдегі халықтың саны 60 млн болды. Бүгінде Таиландтың автомобиль өнеркәсібі осы аймақта да, әлем бойынша да алдыңғы орында тұр, деп санайды саланың сарапшылары.
Таиландта автомобиль құрастыратын алғашқы зауыт 1961 жылы пайда болды. Ол Anglo-Thai Motor Company (британдық Ford пен жергілікті Thai Motor Industry Co-ның бірлескен кәсіпорны) еді. Таиландтың автомобиль нарығының көлемі ол кезде өте кішкентай-тұғын. Жылына бар-жоғы 3 232 жеңіл автомобиль сатылса, оның тек 525-і ғана сол жерде құрастырылған автомобиль болды.
Дегенмен араға 10 жыл салып жергілікті нарықтың жартысын таиландтық өндірістен шыққан көліктер жаулап алды. Талдау көрсеткендей, бұған Таиландтың ішкі кәсіпорындары үшін салық жеңілдіктері ықпал еткен. Әлемдегі ірі автоөндіруші болып табылатын Fiat пен Nissan-ның Таиланд елінен өндіріс ашуының да бір себебі осы салық жеңілдіктері болды.
Тай автонарығының назар аударатын маңызды бір ерекшелігі — дамыған елдермен салыстырғанда бұл ел тұрғындарының сатып алу қабілеті төмен бола тұрса да, автомобильге ішкі сұраныс өте жоғары болды. Сондықтан 1971 жылы Таиландта Автомобильдерді дамыту комитеті құрылды. Бұл мекеме көлік өндірісін жерсіндіруге күш жұмылдыруы тиіс болды. Халықтың импорт көлік құралдарын сатып алуға шамалары жетпегендіктен, жергілікті билік ішкі нарыққа ұсынылатын қолжетімді автомобильдердің тапшылығын осылай төмендетуді ұйғарды.
Комитеттегілер импорт автомобильдерге кедендік бажды ұлғайтып, жерсіндіру деңгейі бойынша талаптарды арттыру жөнінде шешім қабылдайды. 1975 жылы автомобильдердің жерсіндіру деңгейі 25%-дан төмен болмауы тиіс болды. Сондай-ақ ұсынылатын модельдердің санына да әу бастан шектеу енгізілді. Бірақ соңғы шешімнен бас тартуды жөн көрді, себебі өндірушілер заңды айналып өтетін жолды тез тауып алған болатын.
Бұл шаралар, сондай-ақ, міндетті түрде жергілікті серіктестермен бірлескен кәсіпорын құру талабының жоқтығымен қоса, арзан еңбек күші мен ыңғайлы логистика елде шетелдік инвестицияның көбеюіне ықпал етті. Мысалы, жапонның көліктің қосалқы бөлшектерін өндірушілері сол кезде-ақ Таиландқа келіп алған болатын. Өткен ғасырдың 80-шы жылдардың басында жергілікті компаниялар тежегіш, радиатор, қозғалқыштың бөлшектері, шыны мен шанақтың ұсақ бөлшектерін өз беттерінше шығара алатын деңгейге жетті. Бұл таиланд автоөнеркәсібінің Оңтүстік-Шығыс Азия нарығын жаулаудағы бастамасы болды.
Нарықта халыққа қолжетімді автомобиль сұраныстан шамамен 6 есеге аз болды, сондықтан осының бәрі де әлі де жеткіліксіз еді. Оның үстіне жергілікті кәсіпорындардың жүктемесі өндіріс қуатының жартысына да толмайтын.
Осы жағдайдан соң Таиланд билігі импорттық автомобильдерге салынатын баж салығын оның құнының 150%-ына дейін көтеріп, 1983 жылға қарай құрамдастарды 50%-ға дейін өндірістік жерсіндіру талабын бекітті. Десе де, соңғы шешім таиланд нарығын өз автомобильдерімен толтырып тастаған жапон компанияларының көңілінен шықпады. Жапонияның Сауда палатасының қысымынан кейін жерсіндіру талабы 45% деңгейінде белгіленді. Бірақ Таиланд қосымша шара ретінде елде автомобиль импортына мораторий енгізді.
1985 жылы жергілікті билік автомобиль импортына мораторийді ішінара алып тастағанымен, қозғалтқыш көлемі 2,3 литрден аспайтын көліктерді 300% бажбен тасымалдауға рұқсат берді. Импортқа мораторий тек 199 жылы ғана күшін жойды.
Мораторий алынып тасталған соң жергілікті нарыққа Оңтүстік Кореяның автомобильдері еніп, жапон өндірушілерімен қатаң бәсекеге түсті. Жапон компаниялары корей экспансиясына қарсы әрекет ретінде клиенттерге арзан Honda City мен Toyota Soluna модельдерін ұсына бастады.
Мықты бәсеке мен баға шайқасының нәтижесінде Таиландта жыл сайын орташа алғанда 1,2 млн көлік шығарыла бастады, ал ішкі нарықтың сол кездегі сыйымдылығы 700 мыңнан аспайтын. Шектен тыс өндіру дағдарысынан құтылу үшін компаниялар көрші елдердің нарықтарына шығудың жолдарын іздей бастады. Нәтижесінде Таиланд автомобильдерді нетто-экспорттаушыға (экспорт импорттан асып түсті) айналды. Ал 2012 жылы Таиланд әлемдегі ірі көлік өндіруші елдердің ондығына енді.
Індетке дейін Таиландта жылына шамамен 2 млн автомобиль өндіріліп келді. 2020 жылы бұл көрсеткіш жылына 1,4 млн көлікке дейін төмендеп кетті. Қазір жергілікті автомобиль өнеркәсібі 2018-2019 жылдары байқалған жоғарғы көрсеткіште қайта орала бастады, бірақ әзірге жете қойған жоқ.
Ішкі нарық
2012 жылы Таиланд алғашқы автомобиль мемлекеттік бағдарламасын іске қосты. Ол бағдарламада түрлі салықтарды төмендету есебінен 100 мың батқа дейін (1,3 млн теңге) жеңілдік қарастырылған. Сатып алатын автомобиль бірқатар экологиялық талаптарға сәйкес келуі тиіс және оның жаңа қожайыны көлікті кейінгі 5 жылда қайыра сата алмайды.
Бағдарламаның іске асуы арқасында, 2012 жылы Таиландта 1,43 млн автомобиль сатылды. Алайда сұраныстың көптігіне байланысты, дилерлер тұтынушыларды көлікпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ете алмады. Былайша айтқанда пародокс жағдай туындады — дербес өндіріс елдегі сұранысты қамтамасыз ете алмады, ал қайталама нарықта ресми саудаға 5 жылға тыйым салынған болатын. Осының салдарынан ресми сауда статистикасы төмендеп, ол 2016 жылға дейін жалғасты.
Тек 2017 жылы ғана жергілікті көлік өнеркәсібі қайта қалпына келе бастады. Осы жылы 870,6 мың көлік сатылды. 2012 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша көлік сатып алған таиландтықтар дәл осы жылы ғана көлік құралдарын қайыра сата алды. Қазір ол бағдарлама жұмыс істемейді.
2018-2019 жылдары таиландтың ішкі автонарығы жылына 1 млн көлік сатты. Ал пандемия кезінде сауда күрт төмендеп, сатылған көлік саны жылына 800 мыңнан аспады.
Focus2Move талдау агенттігінің деректері бойынша, 2021 жылы Таиландтың ішкі нарығында Isuzu D-Max (149,1 мың автомобиль сатылды, өсім 2020 жылмен салыстырғанда +14,5%), Toyota Hilux (130,9 мың, +4,6%) және Honda City (42,5 мың, +40,6%) модельдері аса сұраныста болды.
Таиландтықтар арасында жапонның Toyota, Honda, Mitsubishi, Mazda және Nissan автомобильдері аса сұранысқа ие. Сарапшылар мұны тай елінде Жапонияның автомобиль құрастырушы кәсіпорындарының көптігімен, сонымен қатар жергілікті нарықтағы бәсекеге қабілетті бағамен байланыстырады.
2022 жылдың І тоқсанында Таиландта көлік саудасы 225,1 мың данаға дейін азайып кетті. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға аз.
Экспорт
Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы (ASEAN) аясындағы еркін сауда жөніндегі келісімнің арқасында таиландтық автомобиль өнеркәсібі жоғары экспорттық әлеуетке ие.
2014 жылдан бері осы елде шығарылған автомобильдердің жартысынан көбі экспортқа жөнелтіліп келеді. Таиланд басқа елдерге көлік жеткізу көлемі бойынша Азияда үшінші орында тұр. Оның алдында тек Қытай мен Оңтүстік Корея ғана. Қазір автомобильдер Таиландтың жалпы экспортының 13%-ға жуығын құрайды.
Таиландтан автомобильді негізінен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері импорттайды. Көрші мемлекеттердің тұтынушылық талғамы таиландықтардікіне ұқсас. Оларда да үнемді седандарға сұраныс жоғары.
Мемлекеттік реттеу мен қолдау
Мұнымен қоса Таиландта шетелден автомобиль әкелгені үшін төленетін баж өте жоғары. Бұл жергілікті өндірушілерді қорғау үшін жасалып отыр. Аталмыш тариф әкелген көлік құнының 80%-ға жуығына жетеді, мотоциклдарға салық аздау – 60%.
Әлемдегі ірі автоөндірушілерге дәл осы Таиландқа инвестиция құйған тиімді. Біріншіден, оларға тұтас Оңтүстік-Шығыс Азия нарығы ашылады. Екіншіден, таиланд заңнамасы оларға осы елде жергілікті бизнеспен бірлескен кәсіпорын құруды міндеттемейді. Осының нәтижесі болар, Ford, General Motors, BMW, Mitsubishi, Mazda, Toyota, Isuzu, Honda және Nissan Таиландта өздерінің өндірісін жерсіндіріп алды. Сонымен қатар Thai Rung және Vera деп аталатын отандық компаниялары да бар.
Сарапшылар Таиландта импорттық автомобильдерге жоғары кедендік баждан басқа, саны өте көп еркін аймақтар жұмыс істейтінін айтады. Олар біздің қазақстандық еркін экономикалық аймақтарымызға ұқсас. Бірақ олардағының басты ерекшелігі сол, таиландтық еркін аймақтар жеке меншікте болуы тиіс. Мемлекет тек еркін аймаққа мүше компанияларды импорт пен экспортқа салықтан босатады, сондай-ақ оларға гранттар бөледі.
Сонымен бірге еркін аймақтардың қатысушылары өнімін өзге елдерге экспорттайтын болса оның сапасын бақылау талабынан босатылады.
Көлік құрамдастары
Таиландта автомобильден бөлек, көліктің қосалқы бөлшектерін шығару да жақсы дамыған. Бұл ел Жапониядан метал өнімдерін ірі импорттаушы болып табылады (2018 жылы 5,9 млн тонна шойын импорттаған). Оның 20%-ы автомобиль мен құрамдастар өндірісіне жаратылады.
Қазір Таиланд қосалқы бөлшектерді шетелдерге жеткізіп қана қоймай, өзге елдерде өз өндірісін ашуға да дайын отыр. Мысалы, жергілікті компаниялар Ресейден кеткен қосалқы бөлшек өндірушілердің орнын басқысы келеді.
Осыған қатысты Ресейдің экономикалық даму министрі Максим Решетников пен Таиландтың сауда министрі Чурин Лаксанависит 2022 жылдың мамырында келіссөздер жүргізді. Таиландтықтар қандай автомобильдердің қосалқы бөлшектерін жеткізетіні немесе өндіретіні әзірге белгісіз. Дегенмен ресейлік сарапшылар Таиландтың компаниялары кез келген көлік үшін құрамдастар шығара алады деп айтады.
Жапонияның көлік өндірушілері қауымдастығы тайланд кластерін АСЕАН-дағы ең үздігі деп санайды. Бұл елден бірнеше ондаған брендтің автомобильдері үшін қосалқы бөлшектер әлемнің барлық бұрышына кетіп жатады. Теориялық тұрғыдан Таиландтың зауыттары АВТОВАЗ, ГАЗ және УАЗ конвейерлерін үшін құрамдастар ғана жеткізіп қоймай, сонымен қатар Ресейдің жолдарында жүріп жүрген техникаға арнап «параллель импорт» бағдарламасы бойынша құрамдастар жөнелте алады.
Ербол Казистаев, корреспондент
28.08.2022, 14:18