Меню CARMA.KZ

Қазақстанда жол битумын бірыңғай сатып алушы пайда болады

Энергетика министрлігі мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осылайша нарықтағы маусымдық құбылуды, сондай-ақ тапшылық мәселесін шешпекші.

Қазақстанда жол битумын бірыңғай сатып алушы пайда болады / Фото: caspibitum.kz
Қазақстанда жол битумын бірыңғай сатып алушы пайда болады / Фото: caspibitum.kz

ИИДМ-ның деректері бойынша,  бүгінде Қазақстанда жолға арналған битум өндірісімен «Caspi Bitum», «ПМӨЗ», «Qazaq Bitum», «Асфальтобетон-1» төрт бірдей зауыт айналысады. Олар отандық құрылыс компанияларының сұранысын өтеп тұр. Мысалы, 2022 жыл бойына жоспарланған автомобиль жолдары жобаларын жүзеге асыру үшін 1,1 млн жол битумы қажет.

Алайда, энергетика министрі Болат Ақшолақов мәселе құрылыс компанияларының әркелкі сатып алуынан туындайтынын айтады. Қыс пен көктемде жол битумын мүлдем сатып алмайды. Осыған байланысты битум өндіретін компаниялар  қыста бағаны арзандатып, сұраныс артатын маусымда көтереді.

Бұл мәселені Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген болатын. Ол тапшылық қолдан жасалып отырғанын, отандық битум өндірісінің әлеуеті пайдаланылмай жатқанын айтты.

«Қазақстанда битум шығаратын үш зауыт бар. Осыған қарамастан 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс маусымы кезінде оның құны 3 есе өседі, яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың тоннаға дейін қымбаттайды», — деп мәлімдеді президент.

Индустрия және инфрақұрылым министрлігіндегілер де дәл осындай пікірде. Министрлік «ҚазАқпарат» редакциясына берген мәліметінде трейдерлер құрылым маусымында тапшылықты әдейі тудырып, битумның  2 есе қымбаттауына ықпал жасайды деді.

Битумға тапшылық тумас үшін Энергетика министрлігі жедел шара ретінде Ресейден гудрон импортына квотаны 280 мыңнан 430 мың тоннаға дейін ұлғайтуға қол жеткізді. Ал алдағы уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп қыс-көктем кезінде жол битумын бірыңғай сатып алуды жүргізетін сатып алушыны құруды ұсынып отыр.

Сонымен қатар Ақтаудағы кәсіпорынның қуаттылығын арттыру есебінен отандық зауыттарда битум өндірісін жылына 300 мың тоннаға дейін өсіру көзделуде.

2022 жылғы шілденің соңында «ҚазМұнайГаз» Ақтаудағы «Caspi Bitum» зауытының қуаттылығын арттыру бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеп жатқанын хабарлаған еді. Ол кәсіпорындағы битум өндірісін жылына 750 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

«Нәтижесінде  сомалық қуаттылығы жылына 1,2-1,3 млн тоннаны құрайтын болады. Жол құрылысы үшін ішкі нарықтың сұранысын  жабуға бұл көлем жеткілікті», — деп мәлімдеді Болат Ақшолақов ОКҚ-өткен баспасөз жиынында.

Осының алдында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев әкімдіктер ескертулерге қарамастан сапасыз жолдарды пайдалануға қабылдап жатқанын айтты. Орын алған осындай фактілер бойынша Ақтөбе облысында және Шымкент қаласында қылмыстық істер қозғалған.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
03.08.2022, 15:22