2022 жылы ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұлдар қаншалықты өзгерді
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер 2022 жылдың қыркүйегінен күшіне енді.
Биыл елімізде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жаза күшейтілді. 2022 жылғы шілдеде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға (ӘҚБтК) қол қойды. Ал түзетулер 2022 жылдың 11 қыркүйегінен күшіне енді, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі CARMA.KZ редакциясының сауалына.
Мемлекеттік нөмірі жоқ көлік құралын қайталап пайдаланғаны үшін жаңа әкімшілік жауапкершілік пайда болды. Бұндай тәртіп бұзушылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл (2022 жылы 61 260 теңге, 2023 жылы 69 000 теңге) немесе 1 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру шаралары қарастырылған. Ол соттың шешімімен айқындалады. Бұрын-соңды мұндай норма болмаған.
Сонымен қатар, жалған мемлекеттік нөмірлі көлік құралын басқарғандарды жауапкершілікке тарту күшейтілді. Қазір бұл үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алады және бір жылға жүргізуші құқығынан айырады. Ал бұрын 20 АЕК айыппұл салынып, бір жылға жүргізуші құқығынан айырылған.
Оған қоса, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте айыппұл мөлшерін ұлғайтуды, әкімшілік қамаққа алудың төменгі шектерін және санкциялардан «ескертуді» алып тастайтын 2 бап бойынша жауапкершілікті күшейту енгізіледі.
Мәселен, уәкілетті қызметкерлердің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын бірінші рет орындамағаны үшін айыппұл мөлшері 30 АЕК-тен (91 890 теңге, 103 500 теңге) 40 АЕК-ке (122 520 теңге, 138 000 теңге) дейін ұлғайтылды. Сотқа берілетін 3 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу енгізілді. Мұндай бұзушылықты қайталап жасағаны үшін бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 5 тәулікке қамауға алу қарастылған. Бұрын осы үшін 6 айға бас бостандығынан айыратын. Бірақ егер бұл бұзушылықты жүргізуші куәлігі жоқ немесе одан айырылған азамат жасаса, онда 60 АЕК (183 780 теңге, 207 000 теңге) айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алынады.
2023 жылы айппұлдарға қатысты қандай өзгерістер енгізілетіні жайлы CARMA.KZ редакциясының сауалына ішкі істер министрлігіне былай деп жауап берді:
«ЖҚЕ бұзғаны үшін ӘҚБтК-ге түзетулер енгізу мәселесі жайлы айтатын болсақ, осы бағыттағы
құқық қолдану қызметін жыл сайынғы талдау және анықтау нәтижелері бойынша, мұндай жұмыс қазіргі заң жобалау қызметі шеңберінде жүргізілетінін хабарлаймыз», — деп мәлімдеді ІІМ.
Полиция келесі жылы жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер енгізуді жоспарламайтынын айтты. Биыл да олар өзгеріссіз қалған.
Бұған дейін Freedom Insurance сақтандыру компаниясының мамандары жол ережесін бұзғаны үшін Қазақстанда және әлем елдерінде қалай жазалайтынын салыстырған болатын. Қазақстан ЖҚЕ кейбіріне, мәселен, мас күйде көлік жүргізу, тұтас қос сызықтан өту және көлік құралын тоқтату жөнінде қызметкердің талабын орындамау секілді бұзушылықтарға үлкен айыппұл салынатын елдердің қатарына жататыны белгілі болды. Дегенмен Қазақстанда болмашы саналатын кейбір бұзушылық үшін жүгенсіз жүргізушіге дүре соғып, түрмеге қамайтын елдер де баршылық.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
07.12.2022, 15:30