Ресей Үндістаннан көліктің қосалқы бөлшектерін сұратты
Сұратылған тауарлар тізіміне көлік өнеркәсібі, ұшақ жасау және теміржол саласына қажетті 500-дей бөлшек кірді.
Мәскеу Нью-Делиге автомобиль, ұшақ және пойызға қажетті 500-ден астам құрамдастың тізімін жіберді, деп хабарлайды Reuters.
Батыстың агенттігі сілтеме жасаған болжалды тізім, егер Үндістан тарапы келіскен жағдайда әлі де толықтырылуы мүмкін. Reuters дереккөзінің айтуынша, Нью-Дели көлік, авиация өнеркәсіптеріне және жылжымалы теміржол құрамын шығаруға қажетті құрамдастарды жеткізу арқылы Ресеймен сауданы ұлғайтқысы келеді. Алайда Ресей батыстың санкцияларында отырғандықтан, Үндістанның кейбір компаниялары алаңдаулы.
Сонымен қатар, Reuters агенттігінің хабарлауынша, Үндістанға жіберілген тізім Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрлігі қызметкерлерінің Ресей өндірушілеріне шетелден қажетті шикізат пен жабдықты сатып алуға жүргізген сауалнамасы бойынша жасалған. Ресей үкіметіндегі дереккөз қанша көлемде сатып алу жайын келісу үшін алда әлі талқылаулар жүргізу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай сұрау тек Үндістанға ғана жолданбайтынын атап өтті. Сұрау Нью-Делиге сыртқы істер министрі Субрахманьям Джайшанкар Ресейге сапар жасамай тұрып, бірнеше апта бұрын келіп түскен.
Үндістанның сыртқы істер министрі Ресейге 7-ші қарашада келді. Сапар барысында Джайшанкар екіжақты сауданы теңестіру үшін Ресейге экспортты ұлғайту керек деп мәлімдеді.Үндістан Ресей Федерациясына қарсы батыстық санкциялар енгізілгеннен кейін, жедел түрде мұнайын сатып ала бастады. Қыркүйекте Ресейден Үндістанға көмірсутек импорты Нью-Делидің жалпы мұнай импортынан 12-13%-ға дейін өсті, ал 2022 жылдың ақпанында ол шамамен 2%-ды құраған.
Батыс агенттігінің мәліметінше, Үндістанның Ресейден импорты 5 есе өскен. 24 ақпан мен 20 қараша аралығында $29 млрд-ты құрады. Өткен жылы дәл осы кезеңде $6 млрд доллар болғанын айта кетейік. Бірақ бір уақытта Үндістаннан Ресей Федерациясына экспорт $2,4 млрд доллардан 1,9 миллиард долларға дейін төмендеген. Үндістан үкіметіндегі Reuters дереккөзінің айтуынша, Нью-Дели ресейлік сұраныстардың арқасында, алдағы айларда экспортын $10 млрд-қа дейін арттыруға үміттенеді.
Сапар барысында Үндістанның сыртқы істер министірлігінің басшысымен бірге ауыл шаруашылығы, мұнай және табиғи газ, порттар мен кеме қатынасы, қаржы, химиялық заттар мен тыңайтқыштар, сондай-ақ сауда саласына жауапты шенеуніктер еріп жүрді. Олардың барлығы Мәскеуге Ресейдің талап етіп жатқан тауарлардың тізімімен (14 беттік тізім) танысып барып келгені байқалды. Тізімде автомобиль қозғалтқыштарының бөлшектері, атап айтқанда, поршеньдер, май сорғылары және оталдыру катушкалары да бар. Сондай-ақ, автоөнеркәсіпке бамперлер, қауіпсіздік белдіктері және ақпараттық— ойын-сауық жүйелері де қажет екені көрсетілген.
Биыл Украинадағы жағдайға байланысты бірқатар әлемдік автомобиль өндірушілері Ресей нарығынан кеткен соң, көлік өндірісіне арналған қосалқы бөлшектер мен құрамдастарға сұраныс артыпкетті. Сонымен қатар, құрамдастар өндірісін ретке келтіруде Мәскеуге Тегеран өз көмегін тигізді. Биылғы қыркүйек айының соңында Иранның автобөлшек өндірушілері қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Мохаммадреза Наджафи Манеш Ресеймен бірлесіп көлік құрамдастарын шығаратын кәсіпорын құру ниеті барын мәлімдеген еді. Өйткені екі ел де Renault-пен бір уақытта жұмыс істеді.
Иранда француз компаниясы 2003 жылдан бері Iran Khodro және Saipa Group серіктестерімен автомобиль шығарумен айналысты, Ресейде француздар Тольяттиде және бұрынғы АЗЛК — мәскеулік зауытта Logan мен Sandero модельдерін құрастырды. Бұған дейін Iran Khodro Ресейге өз автомобильдерін экспорттауға дайын екендігін мәлімдеді. Биыл ол 500 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр. Мақсаты — жыл сайын осы өндірген жарты миллион өнімінің бестен бірін, яғни 100 мыңын экспортқа шығару. 2021 жылы 20 мың экспортқа жіберілген. Жақында Иран Ресейге жалпы құны 300 миллион доллар тұратын автомобильдер партиясын жеткізетіні белгілі болды.
Егор Васильев, корреспондент
30.11.2022, 16:00