Меню CARMA.KZ

Aehra алғашқы «қанатты» кроссоверін көрсетті

Құрылғанына көп болмаған миландық компания тек қымбат электрокарлар жасаумен айналыспақшы.

Aehra алғашқы «қанатты» кроссоверін көрсетті / Фото: AEHRA
Aehra алғашқы «қанатты» кроссоверін көрсетті / Фото: AEHRA

Биыл ғана пайда болған италиялық Aehra компаниясы төрт есігі көтерілетін алғашқы кроссоверін көрсетті, деп хабарлайды Motor.ru. 

Миланды көлік жасайтын жаңа компанияның пайда болғаны туралы биыл жазда айтыла бастады. Компанияны теориялық физика және қолданбалы математика саласының сарапшысы Хазим Нада мен инженер әрі кәсіпкер Сандро Андреотти деген италиялықтар құрған.

Aehra-ны құрушылар әлемдік электромобиль нарығына «жайлылық пен еркіндік»-тің жоғары деңгейіне сай дүниелер жасауды көздейді. Өйткені олар жасаған көліктердің салоны «баскетболшыларға», яғни бойы екі метр және одан да ұзын адамдарға есептелген.

Көлік концептісімен таныстыру барысында белгілі болғандай, ішкі кеңістік жоғары көтерілетін есіктердің есебінен кеңейе түседі. Оған қоса кроссовер түрлі конфигурацияда бола алады: ол алдынан қарағанда «көбелектің қанатына» ұқсаса (Mercedes-Benz SLR McLaren, Toyota Sera және Ferrari Enzo модельдеріндегідей жоғары және ішкі ашылады), ал артқы есіктері «шағаланың қанаттарына» ұқсап, тек қана жоғарыға көтеріледі.

Компанияның Aehra SUV деген атауға ие болған алғашқы кроссоверінің тікшілдеу жасалған маңдай шынысы төбесіне қарай ұласып жатыр. Артқы көрініс айнасының орнына кішкентай ғана камера орнатылған. Марканың шеф-дизайнері Филиппо Перини капотты барынша қысқа етіп, артқы бөлігін құлама етіп жасаған. Бұл дизайнер Lamborghini-нің Aventador, Huracan, сондай-ақ Urus-тың келбетін жасауға атсалысқан адам.

Корпусты көміртекті талшықтан жасау мен композитті барынша қолданудың арқасында Aehra SUV-дің салмағы өте жеңіл болып шыққан — ол екі тоннаға жетпейді. Концептің салонын компания әзірше көрсеткен жоқ. Дей тұрғанмен кейбір техникалық сипаттамалары мәлім. Атап айтқанда, күштік құрылымы 550-ден 600 киловаттқа дейін екпіндеп, кроссовердің жылдамдығын сағатына 265 шақырымға дейін үдете алады. Сыйымдылығы 120кВ/сағатты құрайтын аккумуляторы бір қуатымен 800 шақырымға дейін бара алады.

Миландық қымбат кроссовердің бағасы да белгілі: ол 160 мың доллардан 180 мың долларға дейін барады (74,6 млн-нан 84 млн теңгеге дейін). Aehra өзінің «тұңғышын» әлемдік нарыққа 2025 жылы шығарамыз деп отыр. Ол алдымен Солтүстік Америка, Еуропа және Ұлыбританияда сатылады. Компания дәл сол жылы екінші модельдің де концептісін көрсетпекші. Ол электрлі седан болмақ. Одан соң 2+2 орындық формуласымен спорттық көлік шығармақшы.

Aehra электромобильдері қайда өндірілетіні әзірше айтылмайды. Жас компанияның оны келісімшартпен құрастыратын ойы бар екені мәлім, яғни дербес өндірістік активтерін аз мөлшерде пайдаланып, басқалардың құрастыру конвейерінен шығармақшы. Дей тұрғанмен әр модельдің тиражы айтарлықтай — жылына 20 мыңнан 25 мыңға дейін жетеді.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
10.11.2022, 12:29