Абу-Дабиде ұшатын таксилер пайда болады
Әуе таксиі БАӘ астанасының халықаралық әуежайында қызмет көрсетеді.
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабидің халықаралық әуежайында жақын болашақта әуе таксиі сервисі іске қосылады, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы.
Ұшатын такси деп отырғанымыз ол eVTOL — тігінен көтеріліп, қона алатын электрлі аппараттар. Олар әуежайға келген жолаушылар мен жүктерді үйлеріне жеткізіп сала алады. Әмірліктегі компаниялардың бірі мен француздың Groupe ADP компаниясы арасында осындай такси паркін жасап, оны әрі қарай пайдалану жөніндегі келісімге қол қойылып отыр.
Groupe ADP Парижде Шарль-де-Голль, Орли және Ле-Бурже үш халықаралық әуежайының жұмысын үйлестіріп отыр компания. Осы аптада Ле-Буржеде аэротакси сынақтан өткізілді: екі кісілік пилотсыз аппарат жылдамдығы сағат 110 шақырыммен Париждің маңында 20 шақырымдай ұшып өтіп, осыдан соң француз компаниясы БАӘ-тегі әріптестерімен меморандумға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Abu Dhabi Airports пен Groupe ADP бірлесіп Біріккен Араб Әмірліктерінің халықаралық әуежайында аэротаксиге арнап инфрақұрылымды жобалап, әзірлеп және пайдаланатын болады. Сондай-ақ олар техникалық-экономикалық негіздемені құрып, жобаның жол картасын жасау үшін нарыққа бағалау жүргізбек. Жобаның іске асырылу мерзімі туралы әзірге айтылған жоқ, бірақ жақын болашақта пайда болатынын атады.
Аэротаксиді кім өндіретіні жайлы да ақпарат жоқ. Әйтсе де мұндай аппарат типтерін жасаумен әлемнің түрлі елдерінде, оның ішінде көлік шығаратын алпауыттар мен ірі такси агрегаторы да бар, компаниялар айналысып жатыр. Солардың арасында — 200 шақырымға ұша алатын аэромобилін таныстырған Volkswagen, оңтүстіккореялық Hyundai мен қытайлық Xpeng бар.
Атап айтсақ, биылғы жылдың қазан айында қытайлық Xpeng электромобильмен айналысушы стартаптың флайкары Дубайда көрсетілді. Қытайлық флайкардың салмағы 560 келіні құрайды. Бұл аэрокар әуеге 2 жолаушы мен салмағы 100 келілік жүкті көтере алады. Оның ұшу барысындағы жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жетеді, жүріс қоры 100 шақырымды құрайды.
Өткен жазда Hyundai Rolls-Royce-пен бірлесіп флайкар әзірлейтіндерін жариялады. Флайкар сутекпен жұмыс істейді делінген. Екеуінің бірлескен өнімі 2025 жылы пайда болады. Басты артықшылықтары ретінде шудың аздығы және қоршаған ортаға көміртегін бөлмейтіндігін айтады.
Xpeng мамандары флайкарды тек электрлі тартыммен ғана пайдаланбақшы. Ұшатын автомобиль руль мен беріліс қорабының иінтірегімен басқарылатын болады. Олардың көмегімен жолда да, әуеде де жүруге болады, яғни басқарылуы оңай.
Ал Volkswagen Group тек әуеде ғана ұшатын етіп жасап шығарды. Компания өткен жазда тік ұшып, қонатын V.MO ұшатын аппаратын таныстырған болатын. Бұл аппаратты жасаумен айналысу үшін Қытайда арнайы Urban Air Mobility бөлімшесі құрылғанын айта кету керек. Прототиптің 11,2-метрлік қанаты және 10 қалағы бар: оның сегізі тік ұшып-қонуға, ал артқы жағында орналасқан екеуі — көлденең қозғалуға арналған. Сонымен қатар мұнда дөңгелек атымен жоқ.
Егор Васильев, корреспондент
11.11.2022, 15:25