Tesla Германиядағы зауытын кеңейтіп жатыр
Берлин маңында орналасқан кәсіпорнының айналасындағы ағаштарды кесуге кірісті.
Tesla-ның Берлин маңындағы кәсіпорнында арнайы техника ағаштарды кесіп жүргені көзге шалынып отыр. RBB24 порталының деректері бойынша, көлік өндірушісі 70 гектар орманды отауға неміс үкіметінен рұқсат алған. Зауыт қазірдің өзінде 90 гектар аумақты алып жатыр.
Оталған ағаштардың орнында Tesla зауытының 1 цехы орналаспақшы. Америкалықтар Еуропадағы өндірісін бірнеше жыл көлемінде жыл сайын 50%-ға кеңейтуді көздейді.
Tesla-ның жоспары бойынша, Германиядағы кәсіпорын 2022 жылы аптасына 2 мың электромобиль шығарса, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 5 мыңға дейін артады. Болашақта жергілікті зауыт жылына 500 мың көлік өндірмекші, бірақ 2023 жылы тек 250 мыңы ғана шығады деген болжам бар. Қазір онда шамамен 7 мың адам еңбек етеді, штат 12 мыңға дейін кеңейтілмек.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
31.10.2022, 18:59