Қазақстанда тамыз айында 11 мың жаңа автокөлік сатылды
Елімізде қаңтар-тамыз айларында ресми дилерлер 75 мыңға жуық көлік сатты.
Қазақстан автобизнес қауымдастығы (ҚАБҚ) деректеріне сүйенсек, 2022 жылғы тамызда ресми дилерлер Қазақстанда 10 668 жеңіл көлік пен коммерциялық жеңіл техника, сондай-ақ 743 бірлік жүк көлігі мен автобустарды сатқан. Жалпы көрсеткіштер шілдедегі көрсеткіштен сәл төмен. Ол кезде 10 971 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника, сондай-ақ 666 жүк көлігі мен автобус саудаланды.
«Қазақстанның автобизнесі Ресейден келетін импорттың еселеп қысқарып жатқанына байланысты, жедел қайта құрылып жатыр. Өндірушілер құрамдастарды жеткізудің жаңа логистикалық жолдарын оңтайлы тауып, ішкі нарықты жаңа модельдермен белсенді түрде толтыруда. Импорттаушылар мен дилерлер болса жаңа брендтерге бет бұрды», — деп мәлімдеді АҚАБ вице-президенті Анар Мақашева.
Қазақстандықтар арасында төрт айдан бері Chevrolet-ке сұраныс көп (тамызда — 3 854 және шілдеде — 4 004). Сондай-ақ сұранысқа ие үш модельдің қатарына Hyundai (2 226 және 2 604) мен KIA (1 485 және 1 350) еніп отыр.
Барлығы 2022 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында Қазақстанда 74 953 жаңа автомобиль сатылған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аздау — ол кезде дилерлер 76 090 көлік сатқан еді.
2022 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда саудасы қызған Chevrolet болды (20 485 көлік), екінші орында — 17 789 көлік сатқан Hyundai, үшінші орында Kia (8 391) тұр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
13.09.2022, 16:20