Меню CARMA.KZ

Атырау облысында жолдарды жөндеу технологиясы қайта қаралады

Бұған дейін Атырау облысының Азғыр өңірінің тұрғындары жолдардың сапасына шағымданған болатын.

Атырау облысында жолдарды жөндеу технологиясы қайта қаралады / Фото: ҚазАвтоЖол
Атырау облысында жолдарды жөндеу технологиясы қайта қаралады / Фото: ҚазАвтоЖол

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың Атырау облысына сапары барысында,  Азғыр ауданының тұрғындары жолдардың сапасына шағымданды. Ведомство басшысы бұл мәселе оның жеке бақылауында екенін айтып, өңірдегі жолдарды жөндеу технологиясын қайта қарауды тапсырды.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының автомобиль жолдары және көпір құрылыстары департаментінің директоры Асхат Байбатыров Атырау облысындағы жолдарды салу және жөндеу кезінде климаттық жағдайлар мен рельефтің ерекшеліктерін ескеру қажет екенін атап өтті.

«Азғыр ауданы Нарында орналасқан. Сондықтан жолда құм, саз және тұзды жерлер кездеседі. Осыған байланысты бір жоба аясында жөндеу жүргізу мүмкін емес. Бұл мәселені шешу үшін министрлік жол аумағында жаңа технологияларды енгізуді тапсырды. Егер ол оң нәтиже берсе, онда инновациялық шешім өңірдегі басқа да жол жөндеу жұмыстарында қолданылатын болады», — деді Асхат Байбатыров.

Азғыр ауданындағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталды. Онда 36 шақырым жол төсемі төселді. Сондықтан қалған жол аумағын жөндеу үшін жаңа технологиялар енгізілетін болады.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты «7 разъезд — Үштаған — Асан — Азғыр — Балқұдық — Сүйіндік» автомобиль жолының техникалық жай-күйіне зерттеу және бағалау жүргізді. Бұл аумақ құрғақ даланың климаттық аймағында орналасқан. Сондықтан бейорганикалық байланыстырғыштар мен топырақ тұрақтандырғыштарын қолдана отырып, топырақты кешенді нығайту жоспарлануда. Бұл күшейтілген топырақтың қасиетін оларға қажетті беріктік пен аязға төзімділік бере отырып түбегейлі өзгертуді қамтамасыз етеді.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
24.09.2022, 13:33