Түркістан облысында 2 Мамандандырылған ХҚО ашылады
Орталықтарда жергілікті тұрғындар жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыра алады.
«Азаматтарға арналған үкіметте» Шымкенттегі автоХҚО-да қалыптасқан кезекке қатысты пікір білдірді. Белгілі болғандай, онда жүргізуші куәлігін алу үшін тек қала тұрғындары емес, сонымен қатар бүкіл Түркістан облысының халқы емтихан тапсырады екен.
Қалада автодром қарастырылған бар болғаны 2 Мамандандырылған ХҚО бар. Олардың бірінде жөндеу жүріп жатыр
Жалпы Түркістан облысында емтихан тапсыру үшін инфрақұрылым баяғыдан жетіспей келді. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының орталық басшылығы облыстық филиалға 2022 жылдың маусымында Түркістан мен Сарыағашта автодромы бар тағы 2 Мамандандырылған ХҚО ашуды тапсырған. Өкінішке қарай, бұл тапсырма орындалмады.
«Жексенбі күні әлеуметтік желілерде Шымкенттегі автоХҚО-ларда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырушылардың қарасы көп жиналғаны туралы бейнежазба тарады. Біз жүктемені азайту және жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылдадық», — деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» КАҚ басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.
Атап айтқанда, Шымкенттегі Мамандандырылған ХҚО-да қосымша қуаттылықтарды бөле отырып мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына мемкорпорацияның орталық аппарат қызметкерлері енді.
Оған қоса Мамандандырылған ХҚО-ның жұмыс кестесі өзгертілді — ол 8:00-ден18:00-ге дейін жұмыс істейді. Ғимараттың жөндеу жүріп жатқан жертөлесінде жайлы орында отырып кезектерін күту үшін қосымша сектор құрылып, желдеткіш орнатылды. Мамандандырылған ХҚО қызметкерлері емтихан тапсыратын клиенттерді санаттар бойынша топтарға бөлді. С1 және В санаттарына 2 қосымша машина қосылды.
«Биылғы қыркүйектің соңына дейін қабылданған шаралардың нәтижесі бойынша біреуі Түркістан облысында, екіншісі Түркістанда — екі Мамандандырылған ХҚО болады», — деп мәлімдеді Сүйеніш Әбділдин.
Ол Мамандандырылған ХҚО-да туындаған кезекке байланысты Түркістан облысы мен Шымкент бойынша филиалдардың басшылары сөгіс алғанын атап кетті.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
16.08.2022, 16:51