Меню CARMA.KZ

Қытайдың Foton жүк көліктері сыртқы нарықтарға көптеп шығарыла бастады

Foton коммерциялық автомобильдері, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Оңтүстік Америкада көп сатылды.

Қытайдың Foton жүк көліктері сыртқы нарықтарға көптеп шығарыла бастады / Фото: os1.ru
Қытайдың Foton жүк көліктері сыртқы нарықтарға көптеп шығарыла бастады / Фото: os1.ru

Қытайдың BAIC Group көлік алпауытының Foton брендімен коммерциялық техника шығаратын бөлімшесі 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 46,3 мың жүк көлігін экспорттады. Бұл 2021 жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 55%-ға көп, деп жазады Chinadaily. Foton-ның жарнама бөлімінің жетекшісі Мэн Фаньның айтуынша, компанияның негізгі сыртқы нарықтары — Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Америка елдері.

Әлемде баламалы энергия көздерімен жүретін жүк және жеңіл автомобильдерге сұраныс артып келе жатқандықтан, Foton да Германияға электрлі жүк көліктерін жеткізуді көздеп отыр. Бұл компанияның жергілікті клиенттердің нені қалайтынын зерттеуге жасаған алғашқы әрекеті болмақ. Дей тұрғанмен бензинмен жүретін осы маркадағы жүк көліктері Еуропа мен Ресейде саудада бар.

Foton 2018 жылы Piaggio Group (Италияның мотоцикл өндірушісі) компаниясымен жергілікті нарыққа арнап коммерциялық жеңіл автомобильдер әзірлеу үшін серіктес болды. Екеуінің алғашқы Porter NP6 моделі 2021 жылы таныстырылды. Дәл сол жылы компания осы автомобильдің 8,7 мың данасын сатты. Биыл бұл көрсеткіш 10 мыңға дейін өседі деп күтілуде.

Foton — Қытайда коммерциялық автомобиль шығаратын ірі өндірушінің бірі. Кәсіпорын жүк көліктерін, автобустар, сондай-ақ пикап пен қозғалтқыштар шығарады. Ол биылдың алғашқы жартысында 250 мың автомобиль сатқан, бұл Қытай нарығының 14,7%-ын құрайды.

Foton компаниясының өнімі Қазақстанда да бар. Бізде оның дистрибьюциясымен Astana Motors айналысады.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
27.08.2022, 09:42