Меню CARMA.KZ

Қазақстанда электрлі самокаттар үшін жол қозғалысы ережесі әзірленеді

2022 жылы Алматыда мобильді көліктің қатысы бар 77 жол-көлік оқиғасы болды.

Қазақстанда электрлі самокаттар үшін жол қозғалысы ережесі әзірленеді / Фото: car.ru
Қазақстанда электрлі самокаттар үшін жол қозғалысы ережесі әзірленеді / Фото: car.ru

Қазақстанның ІІМ «Жол қозғалысы туралы» заңға өзгеріс енгізіп, оған электрлі самокаттардың құқықтары мен міндеттерін қоспақшы. Сонымен әкімшілік кодекске де өзгеріс енгізілетін болады.

Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, электрлі самокаттардың жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін жиі бұзып, жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушелеріне ынғайсыздық тудырады. 2022 жылдың басынан бері Алматыда электрлі самокаттардың қатысы бар 77 ЖКО орын алған, ал жаз уақытында мұндай оқиғалар 4 есе көбейеді екен.

«Самокаттарды заңнамалық тұрғыдан көлік құралы деп танитын уақыт келді, самокатты жүргізетін тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін қарастыру қажет. Алдағы уақытта ЖҚЕ мен ӘҚжК-ға өзгерістер енгізіледі. Бұл өте қауіпті құрал, онымен өзіңнің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіресің», — деді Салтанат Әзірбек.

Осыған дейін Қазақстанда «Электрлі самокаттар» ұлттық стандартының жобасы әзірленді. Олар сағатына ең жоғарысы 25 шақырым жылдамдықпен ғана жүре алады.

Қазіргі таңда электрлі самокаттарға велосипед жолдарымен және қоғамдық көліктің жолағымен жүруге рұқсат бар. Сонымен бірге жалпыға ортақ жолдардың оң жақ жиегімен жүруге рұқсат етілген және ЖКО болдырмас үшін қарапайым жол қозғалысы ережелерін сақтауы тиіс. Сондай-ақ жүргіншілер жолымен жүруге де болады, бірақ адамдардың алдында тоқтауы немесе жылдамдығын азайтуы қажет.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
24.08.2022, 14:13