LG мен Honda АҚШ-та электромобильдерге арналған аккумулятор шығаратын зауыт салады
Бұл кореялық аккумулятор өндірушісі мен жапон көлік өндірушісі бірлесіп құрғалы жатқан алғашқы кәсіпорын.
LG Energy Solution және Honda компаниясы АҚШ-тағы аккумуляторлар шығаратын зауыт құрылысына шамамен 4 млрд доллар (1,8 трлн теңге) қаржы құяды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 40 гигаватт/сағ құрайды, бұл 600 мың электромобиль шығаруға жеткілікті.
Қазір компаниялар өзара жаңа зауыттың тұратын орнын анықтап жатыр. Құрылыстың басталуы 2023 жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Зауыт 2025 жылдың соңында іске қосылады, деп хабарлайды Chosun ilbo.
Аккумуляторлар Honda және Acura электромобильдерін қуаттайды. Зауыт салу туралы шешім АҚШ үкіметі тек отандық өндірісті субсидиялайтынын жариялағаннан кейін қабылданды.
«Солтүстік Америкадағы жылдам дамып келе жатқан электромобильдер нарығына шығу үшін, экологиялық таза автомобильдер өндірісін кеңейтіп, аккмуляторларды уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету қажет», — деді LG Energy Solution өкілдері.
Бұған дейін Honda компаниясы 2030 жылға дейін 2 млн шамасында электромобиль сатуды мақсат еткен. Ол үшін компания 35,8 млрд доллар (16,9 трлн теңге) инвестициялауға дайын. Сондай-ақ, LG-мен жасалған мәмілемен қатар, Honda General Motors және Stellantis-пен бірге аккумулятор шығаратын зауыттар салуды жоспарлап отыр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
31.08.2022, 14:13