Меню CARMA.KZ

«Яндекс»-тің такси жүргізушілері үшін арнайы салық режимі енгізіледі

Онлайн платформалардың операторлары салық төлемдері мен әлеуметтік аударымдар жасап отыруға тиіс болады.

«Яндекс»-тің такси жүргізушілері үшін арнайы салық режимі енгізіледі / Фото: proprikol.ru
«Яндекс»-тің такси жүргізушілері үшін арнайы салық режимі енгізіледі / Фото: proprikol.ru

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Яндекс.Такси» сияқты онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері үшін жаңа салық режимін енгізеді.

«Бұл ретте онлайн платформалар операторларын олардың салық агенттері деп белгілеу ұсынылады. Олар міндетті салық төлемдері мен әлеуметтік аударымдарды төлеуді қамтамасыз етеді», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжілістегі үкіметтік сағат барысында.

Оның айтуынша, еңбек ететін, табыс көзі бар, бірақ әлеуметтік уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ азаматтар «тәуелсіз жұмыскер» болып есептеледі. Мұндай қызметкерлер онлайн платформаларға қосылып немесе жария шарт жасаған болса, ресми жұмыспен қамтылған деп саналады.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы еңбеккерлер сияқты республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қордан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады. Тиісті аударымдар болмаған жағдайда, оларға тек аз мөлшердегі әлеуметтік кепілдіктер беріледі.

Бұған дейін Үкімет елордалық такси қызметкерлеріне қойылатын жаңа талаптарды жариялаған. Оған сәйкес, такси жүргізушілері жолаушыларды техникалық жарамды көліктермен жеткізуі тиіс. Ол үшін көліктерге рейс алдындағы тексеру жүргізуге міндетті.

Такси жүргізушілері қызметін заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде атқаруы тиіс, сондай-ақ жолаушылар алдында сақтандыру шарттарын тұруы керек.

Жүргізушілер үнемі рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексерулерден өтуі талап етіледі. Сонымен қатар олар арнайы киімде болулары керек.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
07.12.2022, 16:00