Ресейде алғашқы электрлі жүк көлігін шығару мерзімі 2023 жылға ауыстырылды
Бұған дейін EVM PRO электрлі жүк көліктерін жыл соңында құрастыра бастамақшы болған.
Ресейде алғашқы электрлі жүк көлігінің сериялық өндірісі 2023 жылға ауыстырылды, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
«Біз көліктерді сериялық шығару мерзімін ауыстырамыз. Бастапқыда жыл соңында іске қосатын болғанбыз, ал енді 2023 жылдың I тоқсанында шығармақшымыз. Келесі жылы да, одан кейін де жыл сайын 1 мың электрлі жүк көлігін шығаруды жоспарлап отырмыз», ― дейді «Мануфэкчуринг Рус Электромобильдері» ЖШҚ бас директоры Илья Рашкин.
Бастапқыда сериялық өндіріс мерзімі 2022 жылдың үшінші тоқсанына, кейінірек осы жылдың соңына дейін деп жоспарланған болатын. Рашкиннің айтуынша, шығару мерзімі бірнеше себеппен кейінге шегерілген. Аталмыш көлікті нарыққа шығару уақыты (2022 жылдың ақпанында) алғашқы рет аталған кезде, компания VEB Ventures венчурлық қорымен келісімге қол қоюы керек болған.
«Бірақ 24 ақпаннан кейін жағдай өзгерді — қор өз жұмысын тоқтатты. Инвесторды тапқанымызбен, одан сол мезетте айырылып қалдық. Бәрін басынан бастап, жаңа инвестор табуға тура келді. Ақырында, осындай серіктес таптық, осы уақыт ішінде біз жобаны тоқтатпау үшін өз қаражатымызды салдық», ― деді компанияның бас директоры.
Қазір «Мануфэкчуринг Рус Электромобильдер» ЖШҚ жаңа инвестор тапқанымен, «мәмілеге қол қоймайынша», оның нақты кім екенін жарияламайды, деп түсіндірді Рашкин. Оның айтуынша, компания жабдықтарды сатып алу кезінде де біраз қиындыққа тап болған. Станоктардың бір бөлігін Еуропадан сатып алмақшы болған, бірақ санкцияларға байланысты бұл жоспарлары құрдымға кеткен.
«Біздің өндіріске жүз шақты станок қажет болды. Олардың бір бөлігін Еуропадан сатып алғымыз келген, бірақ бұл ойдан бас тартып Қытайдан баламасын іздедік. Олардың ақшасын төлек қойдық, алайда содан кейін пандемияға байланысты бірқатар шектеулер қойылып, жеткізу мерзімі ұзаққа созылды. Ақырында, жабдықтың бір бөлігін өзіміз әзірледік. Қазір станоктардың 70%-ы келді», ― деді компанияның бас директоры.
EVM PRO электрлі жүк көлігі 2022 жылдың ақпанында таныстырылды. Оны «УАЗ Профи» шассиі негізінде ресейлік «Мануфэкчуринг Рус Электромобильдер» компаниясы дайындаған. Салмағы 3,5 тонна болатын электромобильдің жүріс қоры бір қуаттауымен 300 шақырымды құрайды, 1 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады. Салқын мезгілде қуатты сақтап тұру үшін батареяны жылыту қарастырылған.
Егор Васильев, корреспондент
09.12.2022, 15:30