Меню CARMA.KZ

Қазақстанда көліктердің сынақ полигоны пайда болмақ

Сауда және интеграция министрлігі Қазақстандағы автомобильдердің сапасын тексеру мәселесін көтерді.

Қазақстанда көліктердің сынақ полигоны пайда болмақ / Фото: motogonki.ru
Қазақстанда көліктердің сынақ полигоны пайда болмақ / Фото: motogonki.ru

Қазақстанда техникалық Кеден одағы шеңберінде автомобильдердің сәйкестігін бағалау үшін сынақ полигонын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлады сауда және интеграция министрлігі.

«Біз аккредиттеу субъектілерінің қызметіне байыпты қарадық әрі көліктердің сәйкестігін бағалау нарығына жосықсыз қатысушыларды «тазарту» бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Елімізде сынақ жүргізу үшін автополигон болуы тиіс. Қазақстанның аккредиттеу және автобизнес мүдделі субъектілерінің қатысуымен осы бағыттың дамуын кезең-кезеңімен қалыптастыру қажет», — деді сауда және интеграцияның бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев Алматыдағы дөңгелек үстел барысында.

CARMA.KZ редакциясы автокөлік нарығын талдау және мониторингілеу орталығының жетекшісі Артур Мискарянмен тілдескен болатын. Оның айтуынша, елімізде сынақ жолақтары бар болғанымен, ірі автополигондар жоқ.

«Автополигон өндірушілер мен дилерлер үшін, тіпті қарапайым қолданушылар үшін де пайдалы болуы мүмкін. Өндірушілер үшін зауыттағы сынақ жолағымен салыстырғанда, көлікті жақсарту және жетілдіру бойынша үлкен мүмкіндіктер туады.  Автополигон пайда болса, дилерлер клиенттердің іс-шараларын өткізуге және автомобильдің мүмкіндіктерін ашатын көптеген жаңа маркетингтік құралдардарға қол жеткізетін болады. Ал қарапайым пайдаланушылар жүргізуші курстарының арқасында, біліктіліктерін арттырады»,— деді Артур Мискарян.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың он айында еліміздің аумағында жалпы құны 902,4 млрд теңгеден асатын 88 мың 064 бірлік техника шығарылды. Биылғы жылы көлік өндірісінің көлемі, 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштермен салыстырғанда, төрттен біріне артық.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
06.12.2022, 16:00