«Москвич» зауыты 160 көлік шығарды
Мәскеулік автомобиль зауыты 2 апта бұрын өндірісін бастаған болатын.
2022 жылдың қараша айының соңында өндірісін бастаған Ресейдің «Москвич» автомобиль зауытынан 160 көлік шығарылды, деп хабарлайды компанияның ресми Telegram арнасы.
«Москвич зауытында өндіріс басталғаннан бері 2 аптадан астам уақыт өтті. Бүгінгі таңда 160-тан аса «Москвич 3» бензин қозғалтқышты автомобиль шығардық және электромобильдерді құрастыруды бастамақшымыз. Жыл соңына дейін тағы 440-тай көлік, оның ішінде 200 электромобиль құрастырылады», ― делінген хабарламада.
Аталмыш брендтің алғашқы моделі «Москвич 3» деп аталады. Кроссовердің сериялық өндірісі осы жылдың 23 қарашасында іске қосылды. Бұған дейін зауыт француздың Renault автоконцерніне тиесілі болды. Ал мамыр айында компания «Ресей Рено» зауытын Мәскеу үкіметіне табыстады. Содан кейін кәсіпорынның атауы «Москвич» болып өзгертілген. Компанияның жоспарларына сәйкес, зауытта 4 кроссовер, оның ішінде 1 электрлі көлік және седан шығарылуы тиіс.
«Келесі жылдан бастап өндірісті жерсіндіру деңгейін арттырамыз және жылдың соңына қарай «Рено» зауытында болған жерсіндіру көлеміне жетеміз. Шанақ бөлшектерінің бір бөлігі осында жасалады, ресейлік резеңке сатып алу жоспарда бар. Мақсат - жыл санап құрамдастарды барынша жерсіндіру», ― деді Мәскеу мэрінің көлік мәселелері жөніндегі орынбасары Максим Ликсутов.
Қала әкімшілігінің өкілі ТАСС агенттігіне берген сұхбатында, Мәскеу қаласының басшысы Сергей Собянин зауыт бірнеше жылдан кейін ресейлік құрамдастармен және ресейлік платформада құрастырылған көлік шығаруы керек екенін еске салды.
«Біз «Камаз»-бен бірлесіп бұл тапсырманы орындап жатырмыз және оны ойдағыдай атқарып шығамыз деп сенемін. 2025 жылғы мақсатымыз― толықтай ресейлік көлікті шығару. Бірақ мұны одан да ертерек мерзімде жасауға тырысамыз», ― деп қосты Ликсутов.
Әкім орынбасарының айтуынша, келесі жылы зауыт 50 мың автомобиль шығармақшы. Оның бір бөлігі Мәскеу, Мәскеу облысы және Ресейдің басқа аймақтарындағы каршеринг паркін жаңартуға бағытталады. 2024 жылы өндіріс көлемін 100 мың көлікке (оның ішінде 20 мыңы электромобиль), ал 2025 жылы 120 мың автокөлікке дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Аталған көлемнің 50%-ы― ірі торапты құрастыру технологиясына, ал қалған 50%-ы шағын торапты құрастыру технологиясы бойынша өндірілетін болады.
«Москвич» зауыты «КАМАЗ» ЖАҚ технологиялық серіктесімен бірлесіп, зауыттың 6 жылға арналған даму стратегиясын әзірледі. Бірінші кезеңінде, 2023-2024 жылдары «Москвич» өндірісі жерсіндіру үлесін біртіндеп арттыра отырып, ірі торапты құрастыру технологиясын пайдаланады. Екінші кезеңде, 2024 жылдан бастап, ірі және шағын құрастыру қатар жүреді, ал жерсіндіру деңгейі толығымен ресейлік құрамдастары бар жергілікті жеткізушілерді көптеп тарту арқылы (шанақ бөлшектері, қүштік басқару элементтері, тежеу жүйелері және т.б.) өседі.
Үшінші кезеңде (2025 жыл) «Москвич» зауытында жеке универсал платформада (электрлі қозғалтқыш, батареялар, редуктор) ресейлік құрамдастармен жасалған электромобильдің өндірісі басталмақшы. Бұған дейін «Москвич» екі автомобильге көлік құралының түрін мақұлдау құжатын алған болатын. Алдыңғы жетекті ІЖҚ бар автомобильдер сәйкесінше 109 және 150 ат күші бар 1,6 литрлік және 1,50 литрлік қозғалтқыштармен жабдықталады. Autonews-тің мәліметінше, «Москвич 3» кроссовері 1,5 литрлік бензинді турбо қозғалтқышымен, CVT автоматты беріліс қорабымен немесе 6 сатылы механикалық беріліс қорабымен қамтылған. Темір тұлпардың алдын-ала бағасы 1,6―2 миллион рубльді (12,3-15,4 миллион теңге) құрайды.
Егор Васильев, корреспондент
09.12.2022, 16:00