Honda CR-V сутекті етіп шығарылмақшы
Жапондық кроссовер 2024 жылы АҚШ-та өндіріледі.
Жапондық Honda компаниясы жаңа сутекті көлік шығаруды жоспарлайды. Кроссовер CR-V базасындағы жаңа буын болады, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы.
Жапондық өндіруші General Motors-пен бірлесіп жаңа сутекті көлік шығармақшы. Бұл америкалық концерн ―Honda компаниясының 2013 жылдан бері «жасыл» технологиялар саласындағы әріптесі. Биылғы көктемде компаниялар қолжетімді электрлі көліктер үшін платфома құруға өзара келісті. Ал оның өндірісі 2027 жылға жоспарланған. Өндірушілер сутекті көлік саласындағы бірлескен әзірлемелерін жақын арада шығармақшы. Сутекті CR-V моделі 2024 жылы пайда болады.
Жол талғамайтын көлік Огайодағы Performance Manufacturing Center зауытында құрылады. Сондай-ақ, ол АҚШ нарығында 2020 жылға дейін сатылған Clarity Fuel Cell сутекті седанын алмастырады. Оған қоса, жаңа CR-V моделінде қосымша электрлі қуаттау қарастырылады. Бұл көліктің жүріс қоры үлкен болмайтыны анық. Дей тұрғанмен, мұндай опция жақын жерде сутекті бекет болмаған жағдайда, біраз уақыт икемді болуға және жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Honda-ның жаңа сутекті көлігі компанияның «жасыл» жоспарына негізделген. Оған сәйкес, 2040 жылға қарай жапондық брендтің барлық көліктері ішкі жану қозғалтқыштарынан бас тартады. Ал 2050 жылға қарай толығымен көміртекті―бейтарап болмақшы. Неліктен жапондық компания өз отанында емес, АҚШ-та жаңа өнім шығарады деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабы ― биылғы қазан айында Honda компаниясы құрамдастарды жеткізудегі мәселелерге байланысты Жапониядағы өндірісін 60%-ға қысқартуға мәжбүр болды.
Honda зауыттарындағы көлік құрамдастарының тапшылығы логистика мен жартылай өткізгіштердің жетіспеушілігінен туындап отыр. Осылайша өндіріс көлемінің қысқаруына байланысты қазанда Vezel кроссовері, Stepwgn шағын фургоны мен Civic автомобилінің саны кемдеу шығарылады.
Бұған дейін Boston Consulting Group компаниясының сарапшылары жалпы әлемдік жартылай өткізгіштердің дағдарыс мәселесі 2024 жылдың басында шешіледі деп болжаған. Бірақ одан соң тағы бір жаңа мәселе туындауы мүмкін. Ол ― алдағы 6-12 айда әлемдік нарықта жаңа көліктерге сұраныстың төмендеуі.
Егор Васильев, корреспондент
03.12.2022, 11:00