Renault SA электрлі көлік өндірісін жеке компания етіп бөледі
Жаңа құрылым Ampere деген атауға ие болды.
Француздың Renault SA концерні электромобильдер мен ішкі жану қозғалтқышты көлік бизнесін бөлу арқылы операциялық тиімділікті арттыруды көздейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Interfax.
Renault SA компаниясы жақын арада Ampere деп аталатын жеке компания құрмақшы. Ол электромобильдер шығарумен және олар үшін бағдарламалық жасақтама жасаумен айналысады. Оның акцияларын биржаға нарықтық жағдайларға байланысты келесі жылдың екінші жартыжылдығында орналастыру жоспарланып отыр. Бірақ француз концернінің өзі жаңа электрокар өндірушісі акцияларының бақылау пакетін өзінде сақтап қалмақшы.
Renault SA тобы өндірістерді қайта құрылымдау компанияға операциялық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді деген үмітте. Концерн сарапшыларының есептеуінше, ол 2025 жылы 8%-ға жоғарылап, ал 2030 жылы 10% -дан асатын болады. Бұған дейін 2025 жылға арналған нысаналы деңгей кемінде 5%-ды құраған болатын. Концерннің биылға арналған болжамдарында да дәл осы деңгей сақталып отыр. Сондай-ақ, Renault қытайлық Zhejiang Geely Holding Group Co. компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойғанын хабарлады.
Француз-қытай бірлескен кәсіпорны гибрид және ішкі жану қозғалтқышты агрегаттарын шығарады. Кәсіпорын Renault SA және Zhejiang Geely Holding Group Co. компанияларының әрқайсысына 50%-дан тиесілі болады. Осы жоба аясында, әлемнің 130 еліне өнім жеткізуді жүзеге асыратын 19 мыңға жуық қызметкері бар 17 зауыт пен 5 ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарланған.
Француз-қытай біріккен кәсіпорны Dacia, Volvo Cars, Nissan және Mitsubishi сияқты компанияларға өнім шығармақшы. Бұған дейін Renault SA ескі көліктерді қайта өңдейтін және олардан алынған элементтерді қайта пайдаланатын The Future is NEUTRAL компаниясын құрды. Алдын ала есептеулер бойынша, компания жыл сайын шамамен $2,2 млрд табыс таба алады.
Егор Васильев, корреспондент
16.11.2022, 14:46