Меню CARMA.KZ

Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес

Алдағы жылда Астанада караваннинг фестивалін өткізу жоспарланып отыр.

Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес / Фото Мирас Шекеновтың жеке мұрағатынан
Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес / Фото Мирас Шекеновтың жеке мұрағатынан

2022 жылғы 30 қарашада Астанада караваннерлердің кездесуі болып өтті. Караваннерлер деген кім дейтін болсаңыз, олар — тұрғын үй етіп жасалған тіркемелермен және автоүйлермен саяхаттағанды сүйетін жандар. Астананың караваннерлері қауымдастығының бір мүшесі Мирас Шекенов әуесі ортақ жандар мұндай кездесулерде тәжірибелерімен, алған әсерлерімен бөлісіп тұратынын CARMA.KZ редакциясына айтып берді.

 «Біз бір-бірімізбен әңгімелесіп, тәжірибемізбен алмасу үшін бас қосып тұрамыз. Караваннерлер өте әуесқой адамдар. Мысалы, өз басым көлігіммен Еуропаны — Рим, Париж, Кавказды аралап шықтым. Қай елде болмасын, караваннерлер өзара телефон нөмірлерімен алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп жатады», — дейді Мирас Шекенов.

Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес / Фото Мирас Шекеновтың жеке мұрағатынан
Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес / Фото Мирас Шекеновтың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, Қазақстанда бірнеше жүздеген караваннер бар екен. Олар негізінен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тұрады. Қауымдастықтың мүшелері түрлі мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы өзара байланысып отырады. Кейде шағын басқосулар өткізеді. Бірақ мұны жазда өткізу мүмкін емес, себебі ол кезде барлығы саяхатта жүреді.

Мирас Шекенов Facebook-тегі парақшасында келер жылы Астанада караваннинг фестивалін өткізу жоспары туралы айтқан болатын. CARMA.KZ редакциясы әңгімеге тартқан кезде ол мұндай шара Қазақстанға тұңғыш рет өткізілгелі отырғанын атап өтті.

«Алматыда өңірлік фестиваль өтті. Астанада бірде-бір рет өткізілген емес. Мұндай шаралар Ресейде және Еуропада өткізіліп тұрады. Оған қазақстандықтар жиі қатысып жүр», — деді ол.

Оның айтуынша, караваннинг індет кезінде әлемде, оның ішінде Қазақстанда да ерекше сұраныста болған. Адамдарды саяхаттау мүмкіндігі, жылжымалы үйдегі жайлылықпен табиғатқа саяхат жасау қызықтырмай қоймайды.

Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес / Фото Мирас Шекеновтың жеке мұрағатынан
Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес / Фото Мирас Шекеновтың жеке мұрағатынан

Мұндай тіркемені немесе автоүйді Еуропада сатып алу оңай, түрлері де көп. Бірақ бағасының қымбаттығымен қоса, оны Қазақстанға жеткізу жағы қиындау. Елімізде кейде ұсыныстар шығып жатады — біреу жаңасын алған соң ескісін сатып жатады, біреу Еуропадан автоүй немесе тіркеме сатып алып, бізге әкеп сатады дегендей.

Дегенмен «жылжымалы үйді» тапсырыспен жасап беретін шеберлер Қазақстанда да бар. Оларға тапсырыс беретіндер де көп.

CARMA.KZ редакциясы автоүй мен тұрғынжай тіркеменің айырмашылығы неде екенін білмек болдық. Автоүйдің тұрғынжай тіркемеден айырмашылығы — ол салоны шағын тұрғын орыннан тұратын көлік.

Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес / Фото Мирас Шекеновтың жеке мұрағатынан
Қазақстандықтар жылжымалы үйге неге әуес / Фото Мирас Шекеновтың жеке мұрағатынан

Мирас Шекеновтың өзі тұтас метал немесе микроавтобус негізіндегі кастенваген форматындағы автоүйді қолайлы көреді екен. Оның айтуынша, қазақстандық жолдардың сапасы панельден жасалған тұрғынжай тіркемелерді немесе автоүйлерді ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік бермейді.

«Тұрғынжай тіркемелер мен автоүйлердің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Тұрғын тіркемелерді қолайлы көретіндер әдетте автомобильді күнделікті тұрмыста пайдалануға болады, ал қажет болған жағдайда тіркемені тіркеп алып қала сыртына немесе саяхатқа кете баруға болады дейді. Бірақ оның кемшіліктері де бар — онымен кез келген жерде жүре алмайсың, тіркемемен жылдамдық шектеулі болады, тас жолда тіркемемен жылдамдықты сағатына — 70 шақырымнан, автомагистральда сағатына 90 шақырымнан асырмау қажет», — деп түсіндіріп өтті әңгімелесушіміз.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
17.11.2022, 16:05