Отандық көлік өнеркәсібі өндіріс көлемін бір жылда 25 пайызға ұлғайтты
Қазақстанда 2022 жылдың қазанында 9,6 мыңнан артық көлік техникасы шығарылған.
Қазақстанда 2021 жылдың қазан айымен салыстырғанда биылғы қазанда автомобиль 25,4%-ға көп шығарылды, деп хабарлайды Қазақстанның автобизнес қауымдастығы (ҚАБҚ).
Қауымдастықтың дерегі бойынша, қазанда отандық көлік өнеркәсібі 9 мың 623 бірлік көлік техникасын өндірді, ал жалпы алғанда 2022 жылдың он айында еліміздің аумағында жалпы құны 902,4 млрд теңгеден асатын 88 мың 064 бірлік техника шығарылды. Жыл басынан бергі өндірістің көлемі 2021 жылдың қаңтар-қазанындағы нәтижеден 23,6%-ға асып түсті.
«Өсім, негізінен, жеңіл автомобиль өндірісінің ұлғаюынан болды: биыл барлығы 80 мың 251 бірлік жеңіл көлік шығарылды, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 29,9%-ға көп, сондай-ақ автобустар 912 данаға немесе +7,2% артық өндіріліп, өсім көрсетті», — делінеді салалық қауымдастықтың таратқан ақпаратында
Дей тұрғанмен 5 мың 916 дана шығарылған жүк көліктерінің өндірісі төрттен бірге төмендеп кетті, сонымен бірге 552 тіркеме мен жартылай тіркеме және 363 арнайы техника шығарылған. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Көкшетаудағы «КАМАЗ-Инжиниринг» құрамдастардан тапшылық көріп отырғанын мәлімдеген еді, осыған байланысты кәсіпорын қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша 728 жүк көлігі және 171 бірлік арнайы техника ғана шығара алған. Ал 2021 жылдың дәл сондай кезеңінде ол 1 001 жүк көлігі мен 105 бірлік арнайы техника шығарған еді.
Жеңіл автомобильдер өндірісіне келер болсақ, Қазақстанның кәсіпорындарында өндірісі жол қойылған сұранысқа ие бес брендтің арасында он айдың қорытындысы бойынша алдыңғы орында Chevrolet (31 мың 063 бірлік), екінші орында — Hyundai (28 мың 863 көлік), үшінші орында Kia (11 мың 480 көлік) тұр. Төртінші орынды JAC (5 мың 764 бірлік) иеленсе, бесінші орында — Lada (4 мың 872 автомобиль). Қазақстанның ішкі нарығында Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson және Chevrolet Nexia модельдері өзгелерден көп сатылатыны байқалды.
Ішкі өндірісі көлемі бойынша қостанайлық «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» алдыңғы орында келеді. Кәсіпорын 2022 жылдың он айының қорытындысы бойынша сомасы 463,2 млрд теңгенің 54 мың 113 бірлік (+22,7%) автомобиль техникасын шығарды. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan жалпы құны 395,9 млрд теңгенің 28 мың 863 дана (+37%) жеңіл автомобилін өндірсе, Семейдегі СемАЗ сатып алушыларына сомасы 22,1 млрд теңгенің 1 мың 832 бірлік (-44,5%) коммерциялық техникасын жөнелткен. Көкшетауда КАМАЗ-Инжиниринг 986 жүк көлігін (-20,2%), Hyundai Trans Auto зауыты 858 жүк көлігі мен автобус (+34,7%) шығарса, QazTehna мен Daewoo Bus Kazakhstan кәсіпорындарының әрқайсысы 309 және 167 автобустан шығарған.
Егор Васильев, корреспондент
21.11.2022, 13:09