Nio індетке байланысты Қытайдағы зауыттарының жұмысын тоқтатты
Электрлі көлік шығарумен айналысатын компания коронавирус індетінің тарауына байланысты бірден екі зауытында жұмысты тоқтатты.
Қытайдың Nio электрокар шығарушысы Covid-19 індетінің таралуына байланысты Аспанасты еліндегі екі зауытында өндірісті тоқтатып қойды, деп хабарлайды Interfax.
Коронавирустың таралуы үкіметті елдің Хэфэй қалалық округінде карантин енгізуге мәжбүр етіп отыр. Біз сөз еткелі отырған Nio көлік өндірушісінің зауыттары осы аймақта орналасқан. Осылайша шектеулерге байланысты оның екі өндіріс алаңы жабылып қалды. Қытайлық компания бұған дейін де өндіріс көлемін төмендеткен болатын. Мәселен қазан айында ол 10,059 мың электромобиль ғана жеткізді. Ал бұл көрсеткіш 2022 жылдың қыркүйегінде 10,878 мың болған еді.
Компания жаңа көліктер кешігіп жеткізілетіні туралы сатып алушыларына қазірдің өзінде ескертіп қойды. Әрине, мұнан Nio ішкі нарықтағы үлесін кемітіп алатыны анық: электрокар шығарушылар арасында қытай нарығындағы сауда бойынша 2022 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысында Nio 13-ші орында болды. Алайда аталған өндірушінің жағдайы карантинге дейін де нашарлай бастаған болатын. Оның капиталдандырылуы соңғы үш айда 52,2%-ға құлдырап, акцияларының бағасы үш айда 49%-ға төмендеді.
Covid-19 індетінің жаңадан таралуына байланысты енгізілген карантин «өндіріс пен жеткізу кестесіне әсер ететін болады» деп хабарлады Nio-ның баспасөз қызметі. Компания конвейерлерін биыл осымен екінші мәрте тоқтатып отыр: осыған дейін сәуір айында Қытайда вирус жаппай тараған кезде тағы қаңтарулы тұрған еді. Соның салдарынан ішкі көлік нарығы 36%-ға құлдырады, ал халық көп шоғырланған Шанхай қаласында, халық үйлерінен шыға алмағандықтан, ресми түрде бірде бір автомобиль сатылған жоқ.
Негізі биыл Nio жаңа модельдер саудасына үлкен жоспар құрған еді: өткен жазда ол ES7 кроссоверін таныстырғаны мәлім. Кроссовер 653 ат күшіне тең екімоторлық қозғалтқыш, бейінді пневмоаспа, 33 сезбегі бар автопилот, 23 динамикалы аудиожүйе және VR көзілдірікпен көрінетін үлкен вируалды экран жасау мүмкіндігіне ие. Барынша электрлі құралдармен жарақтандырылған кроссовердің бағасы 468 мың юань (30,3 млн теңге шамасында) тұрады.
Бәлкім Қытайда шектеу шараларының ұзаққа созылуы Nio-ны Еуропада өндірісін жолға қоюға шындап кірісуге итермелер. Ол қазірдің өзінде Норвегия мен Мажарстан нарықтарына кіріп алды, енді Германияға келмекші: бүгінгі таңда Nio Еуропада аккумулятор ауыстыратын станциялармен қатар, компания өнімдерін шығаратын, қызмет көрсететін және әзірлейтін зауыт салу жоспарын ойластырып жатыр.
Осы айтылған аккумулятор ауыстаратын станциялар электромобильдердің бос аккумулятор блоктарын санаулы минутта толығына ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл оны қуаттауға қарағанда өте жылдам жасалады. Бүгінде Қытайда осындай 100 станция тұрғызған Nio-ның бұл істе тәжірибесі жетерлік. Немістің Schmidt Automotive Research компаниясының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы Батыс Еуропада сатылған 1,2 млн электромобильдің 16%-ы Қытайдан импортталған. Биыл Кәрі Құрлықтағы қытайлық электрлі көліктердің үлесі 20%-дан асады деген болжам бар.
Егор Васильев, корреспондент
07.11.2022, 12:14