Mazda электрлі көлік жасауға 11 млрд доллар қаржы құюға дайын
2030 жылға қарай осы жапон маркасы автомобильдерінің 25%-дан 40%-ға дейіні электрлі тартыммен шығарылады.
Mazda Motor Corp корпорациясы электромобильдер жасауға құятын инвестициялық жоспарын жариялады деп хабарлайды Reuters.
Құжаттан мәлім болғандай, 2030 жылға қарай жапон компаниясының жалпы өндірісінің 25%-дан 40%-ға дейінін электрокарлар құрамақшы. Mazda Motor Corp осынау көрсеткішке жету үшін 1,5 трлн иен немесе 10,6 млрд доллар қаржы құйғалы отыр. Сондай-ақ жапон компаниясы электрокарлардың ең қымбат құрамдасы саналатын — аккумулятор өндірісіне де инвестиция құюды қарастырып жатыр.
Reuters агенттігінің жазуынша, жапонның өзге екі — Toyota және Honda көлік өндірушілері электромобиль өндірісіне ден қоя бастағаннан кейін, Mazda да өзінің инвестициялық жоспарын жариялап отыр. Алдыңғы аталған екі компания көліктерін электрлі етудегі сылбырлықтары үшін қоршаған ортаны қорғаушылардың сынына іліккен болатын.
«Біз электромобильдердің аккумуляторларын толыққанды шығаруға күшімізді салатын боламыз және аккумулятор өндірісіне инвестиция құю мүмкіндігін қарастырамыз. Біздің бағалауымыз бойынша, әлемдік саудадағы Mazda электромобильдерінің үлесі 2030 жылы 25%-дан 40%-ға дейінді құрайтын болады», — делінген Mazda-ның мәлімдемесінде.
Жаңа «батареялы» Mazda автомобильдері 2025-2027 жылдар аралығында таныстырылмақшы. 2028 жылдан 2030 жылдар аралығында компания электрлі көліктер қатарын толықтай электрлі етпекші. Бұған дейін, 2030 жылға қарай Mazda-да бірде-бір ішкі жану қозғалтқышты көлік болмайды. Оның модельдер қатары сегіз жылдан кейін тек электрокарлар мен гибридтерден тұратын болады деп айтылған болатын.
Алайда бүгінгі күнде Mazda ішкі жану қозғалтқышты көліктер шығаруды доғаруға дайын емес: компания басшысы Акира Марумотоның айтуынша, жапон концернінің инженерлері жаңа гибрид жүйелер әзірлеумен қатар, ішкі жану қозғалтқыштарының тиімділігін арттырумен де айналысып жатыр. Марумото нарықта табысқа шығу тұрғысынан алғанда әртүрлі жоспарлы әдіс нәтижелі болады деп санайды.
Mazda келер жылдың басында Брюссельдегі автосалонға MX-30 кроссоверінің роторлы қозғалтқышты (Ванкель қозғалтқышы) гибрид нұсқасын әкелмекші. Бірсекциялық агрегат борт генераторы ретінде тартым батареясын қуаттап, ал дөңгелектерді электрлі мотор айналдыратын болады. Нәтижесінде көліктің жүріс алыстығы ұзарады. Ал ол қазіргі MX-30-да 200 шақырымды құрайды.
Жапон компаниясы генератор ретінде Ванкель қозғалтқышын 2007 жылы пайдалана бастады: ол кезде Mazda биоотын агрегаты (бензин/сутегі) батареяларға тоқ беретін, ал дөңгелектері электрлі мотордан келетін қуатпен қозғалатын Premacy Hydrogen RE Hybrid минивэнін жарыққа шығарған еді. Дәл осындай әдісті компания 2013 жылы Mazda2 RE прототипіне де қолданды. Бұл гибрид 380 шақырымды жүріп өте алады.
Егор Васильев, корреспондент
24.11.2022, 12:29