Lamborghini көліктері алдағы екі жылға күнбұрын сатылып қойды
Қарашада берілген тапсырыстар тек 2024 жылдың ортасында ғана орындалатын болады.
Қымбат спорттық автомобильдер шығаратын италиялық Automobili Lamborghini S.p.A. өз өнімдерінің сатылу деңгейі құрастыру өндірісінің мүмкіндіктерінен асып кеткенін айтты, деп хабарлайды ABC News ресурсы.
Lamborghini-дің сауда көрсеткіштеріне зер салсақ, бұл марка 2022 жылдың қорытындысы бойынша жаңа сауда рекордын жасағалы отыр — былтыр ол жыл бойы 8405 көлік сатқан болса, биылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында 7430 көлік сатып үлгерген. Әрі ай сайын сатқан көліктерінің саны шығарып жатқан саннан көп болып отырған. Осының нәтижесінде брендтің жаңа автомобильдеріне, мейлі қандай моделіне болсын, алдыңғы екі жылға кезек түзілді.
Осыған байланысты компанияның атқарушы директоры Стефан Винкельман ABC News ресурсына берген сұхбатында, Lamborghini әлемде өз өнімінің саудасы құлдырайтындығынан қорықпайды, өйткені қазірдің өзінде жаңа көліктері 2024 жылға дейін сатылып кетті. Сондықтан Lamborghini-ді дәл қазір тізгіндегісі келетіндер, жүрілген модельдерді ғана ала алады деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, компания жетекшісі әлі таныстырылмаған гибрид суперкарына бірнеше мың алдын ала тапсырыс жиналғанын атап өтті. Аталған модель 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында таныстырылмақшы. Соған қарамастан Lamborghini брендтің алғашқы сериялық гибридіне 3 мың тапсырыс алып қойды. Бұл модель нарыққа 2028 жылы шығады деген болжам бар.
Айтпақшы, люкс брендтердің ішінде биыл жақсы табысқа жеткенін жариялаған жалғыз Lamborghini ғана емес. Атап айтқанда 1998 жылдан бері немістің Volkswagen AG концернінің құрамына кіретін британдық Bentley Motors Ltd. биылғы тамыз айында 2022 жылдың қаңтар-маусымының қорытындысы бойынша 398 млн еуро пайда тапқанын жариялады.
Егор Васильев, корреспондент
14.11.2022, 13:02