Меню CARMA.KZ

Кореялық брендтердің көліктері қазан айында көп сатылды

Микрочип тапшылығының азаюы арқасында сауда көрсеткіштері 3 ай қатарынан өсіп келеді.

Кореялық брендтердің көліктері қазан айында көп сатылды / Фото: Shutterstock
Кореялық брендтердің көліктері қазан айында көп сатылды / Фото: Shutterstock

Микрочип тапшылығының азаюы және соның нәтижесінде өндірістің артуы арқасында кореялық 5 көлік брендінің саудасы 3 ай қатарынан өсіп келеді, деп жазады Chosun.

Мысалы, 2022 жылдың қазанында Hyundai әлем бойынша 347,3 мың автомобиль сатқан, бұл былтырғы қазан айындағыдан 12,2%-ға көп. Ал ең көп сатылған Ioniq 6 электромобилі Hyundai-дың барлық модельдері арасында Grandeur-ден кейін екінші тұр.

Ал KIA 2022 жылдың қазанында әлемде 238,7 мың автомобиль саудалады, бұл былтырғы қазандағыдан 7,5%-ға көп. Брендтің модельдерінен, әсіресе Seltos, Sorento және Sportage кроссоверлері өте көп сатылған.

GM Korea-ға келсек, оның 2022 жылғы қазан айындағы саудасы 26,8 мың автомобильді құрады. Бұл былтырғы оныншы айдағыдан 4 есе көп. Негізінен Trailblazer және Bolt жол талғамайтын көліктеріне сұраныстың артуынан сауда осылайша өсе түскен.

Renault Korea болса әлем бойынша 19,3 мың көлік сатқан, бұл 2021 жылдың қазанымен салыстырғанда 65,6%-ға көп. Сауда өсіміне XM3 гибридінің экспортқа көптеп жөнелтілуі сеп болған.

Ал SsangYong тіпті соңғы 43 айда жоғары сауда көрсеткішін көрсетіп отыр. Компания қазанда 13,2 мың автомобиль сатқан, бұл 2021 жылдың қазанындағы көрсеткіштен 3 есеге жуық көп.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
09.11.2022, 12:59