Көкшетаудағы «КАМАЗ-Инжиниринг» кәсіпорнында құрамдастар тапшы
Жаңа буыны саналатын К5 жүк көліктері 2023 жылдың екінші жартысында шығарыла бастайды.
Көкшетаудың «КАМАЗ-Инжиниринг» зауыты 2022 жыл бойы құрамдастардан тапшылық көрді. Оларды толықтай Ресейден жеткізіп тұрған еді. Алайда геосаяси жағдай шиеленісіп, оның соңынан Ресейге салынған санкиялар жеткізу тізбегін бұзып жіберді. Дегенмен қазір кәсіпорын толық көлеммен шығара бастады.
Сондай-ақ» КАМАЗ-Инжиниринг» CARMA.KZ редакциясына жүк көліктерінің жаңа буыны К5-ті қашан қайта шығарыла бастайтынын айтты.
«2021 жылы «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ Қазақстан Республикасы аумағында құрастырылған КАМАЗ-54901 алғашқы магистральдық жүктартымдарын таныстырған болатын. Бүгінгі күні «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ-да аталған модель шығарылып жатқан жоқ, оны 2023 жылдың екінші жартысында қайта өндіре бастаймыз», — деп хабарлады кәсіпорын өкілдері.
«КАМАЗ-Инжиниринг» 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында 728 жүк көлігі мен 171 бірлік арнайы техника шығарды. Салыстырар болсақ, ол былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 1 001 жүк көлігі мен 105 бірлік арнайы техника шығарған екен.
Бұған дейін, ресейлік «КАМАЗ» кәсіпорны жүк көліктерінің К5 жаңа буынын 2023 жылдың ақпанында қайта өндіре бастайтынын айтқан еді. Ресейге салынған санкциялардан соң қажетті құрамдастарға тапшылық туындап, компания оның алдындағы ескі К3 буынын уақытша шығара бастаған болатын.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
11.11.2022, 20:21