Honda Қытай нарығына арналған футуристік көлікті таныстырды
Әзірлеушілер көлікті бірде-бір санатқа жатқызбайды, ал қытайлықтар оны кроссовер деп атады.
Жапонның автомобиль өндірушісі Honda Қытай нарығына жаңа e:N2 электрлі көлігінің концепциясын ұсынды. Модель Аспанасты елінің нарығына арнап жасалған.
Компания жаңа өнімін ешбір санатқа жатқызбайды. Әрі көліктің шанағы бұрын соңды болмаған жаңа түр екенін айтты. Бірақ қытайлықтар оны SUV (кроссовер) санатына кіргізеді, деп жазады Auto.ru журналы.
Аталмыш көліктің техникалық сипаттамалары туралы ресми ақпарат пен салонының фотосуреттері жарияланған жоқ. Автомобиль тек сандық панельмен, ауаны хош иістендіргішпен және «ақылды жарықтандыру» жүйелерімен жабдықталғаны белгілі.
2027 жылға дейін Honda Қытай нарығына e:N сериялы электромобильдердің 10 моделін шығаруды жоспарлап отыр. Өткен жылдың қазан айында жапондықтар осындай 5 көлікті таныстырған. Ал e:NS1 және e:NP1 өндірісі Dongfeng және GAC-пен бірлескен кәсіпорындарда іске қосылды.
Сондай-ақ, компания 2030 жылға қарай Қытайда ұсынылған Honda-ның барлық көлігі гибрид немесе электромобиль болады деп мәлімдеді. Ал 2040 жылға қарай компания ішкі жану қозғалтқыштары бар көліктерді шығарудан толықтай бас тартады.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
07.11.2022, 12:33