Меню CARMA.KZ

BMW дилерлердің қызметінен біртіндеп бас тарта бастайды

2024 жылдан бастап жаңа көліктерді тікелей зауыттан жеткізу түпкілікті тұтынушының шығыстарын азайтатын болады.

BMW дилерлердің қызметінен біртіндеп бас тарта бастайды / Фото: BMW
BMW дилерлердің қызметінен біртіндеп бас тарта бастайды / Фото: BMW

Немістің Bayerische Motoren Werke AG концерні жаңа автомобильдерді сату бойынша дилерлердің қызметінен біртіндеп бас тартып, оларды өзінің зауыттарынан сату тетіктерін жолға қоймақшы, деп жазады Motor.ru.

Бұл туралы Bayerische Motoren Werke AG қаржы директоры Николя Петер мәлімдеді. Оның айтуынша, өндіруші осындай тәсіл арқылы көлік салондарындағы, оның ішінде қосымша опцияларды орнату үшін үстеме баға мәселесін түбірімен жоймақшы. Дей тұрғанмен дилерлердің қызметінен біржолата бас тартпайды. Олар зауыттан сатып алынған автомобильді әлемнің кез келген жеріндегі сатып алушыға жеткізіп беру және сатып алынғаннан кейінгі қызмет көрсетумен табыс табуына болады.

Жаңа тәсіл бойынша сатып алушы қашықтан отырып-ақ зауыттағы дайын көліктерден қалағанын таңдай алады немесе өзіне қажетті опциялармен нақты бір жиынтығына тапсырыс беріп және ақысын да онлайн режимде төлеуіне болады. Мұндай тәсілмен саудалау барысында, ең бастысы, қосымша опцияларға шамадан тыс  үстеме баға қосу жойылады.

Әдеттегі дилерлік орталықтарға келер болсақ, олардан біртіндеп бас тартылады. BMW клиенттерге автомобильді тікелей өндірушіден тапсырыспен алу мүмкіндігін ұсыну үшін сатушылармен «сындарлы диалогты» бастап кетті, деп мәлімдеді Петер. Жоспарға сәйкес, бұл тәсіл 2024 жылы іске қосылмақ, бірақ алғашқыда «зауыттан» тек MINI модельдері сатылатын болады, ал 2026 жылдан бастап BMW модельдері де тікелей саудалана бастайды.

Автомобильді зауыттан тікелей сатуға біртіндеп көшу жөнінде Mercedes-Benz те мәлімдеді: BMW-ның жерлес бәсекелесі жақын жылдары өзінің Германиядағы дилерлік желісін 15-20%-ға қысқартпақшы. Қазір Mercedes-Benz-тің әлем бойынша 6,5 мың сауда нүктесі бар, оның бір мыңы Германияда орын тепкен. Осы сауда нүктелерінің көпшілігі 2025 жылға қарай «агент» болып қайта құрылады, яғни олар автомобиль сатудан комиссия алғанымен, жарнамасымен айналыспайды.

Биыл америкалық көлік өндірушісі General Motors та көлік салондарының тәбетін тарылтпақшы болды, дей тұрғанмен ол дилерлік желіден түбегейлі бас тартатын ойы жоқ, тек өткен жазда сұраныс жоғары модельдермен алаяқтық жасаушыларға айыппұл мен квота енгізетінін мәлімдеді. Концерн мұндай модельдер қатарына Cadillac Escalade-V жол талғамайтыын көлігін, Chevrolet Corvette Z06 суперкары мен GMC Hummer EV электрлі пикабын жатқызады.

Баға саясатын бұзғандарға өндіруші аталған модельдерді жеткізуді қысқартып тастамақшы. Сонымен қатар егер сұраныс жоғары тізімдегі автомобиль көлік салонынан сатып алғаннан кейін бір жыл ішінде қайта сатылатын болса, онда бұл салонға GM-ның жаңа автомобильдері мүлдем жеткізілмейтін болады. Сондай-ақ салоннан сатып алғанына 12 ай болмаған Corvette-ті қайтара сатып алған жағдайда, көлік зауыттың кепілдігінен шығып қалады.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
09.11.2022, 15:41