Жол ережесін бұзғаны үшін Қазақстанда және әлем елдерінде қалай жазалайды
Мамандар жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін Қазақстанда және басқа елдерде салынатын айыпұлдарды салыстырып шықты.
Белгілі болғандай, басқа елдерде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын кейбір айыппұлдардың көлемі Қазақстанға қарағанда өте үлкен.
Freedom Insurance сақтандыру компаниясының мамандары Қазақстан ЖҚЕ кейбіріне, мәселен, мас күйде көлік жүргізу, тұтас қос сызықтан өту және көлік құралын тоқтату жөнінде қызметкердің талабын орындамау секілді бұзушылықтарға үлкен айыппұл салынатын елдердің қатарына жататын айтады. Дегенмен Қазақстанның өлшемі бойынша болмашы саналатын кейбір бұзушылық үшін жүгенсіз жүргізушіге дүре соғып, түрмеге қамайтын елдер де баршылық.
Мысалы, Норвегияда жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан асыратын болса 3 жылға дейін жүргізу құқығынан айырады. Егер бұл қайталанатын болса жүргізуші бас бостандығынан айырылып немесе түзеу жұмыстарына жегілуі мүмкін. Ал Қазақстанда жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға асыратын болса 5 АЕК (15 315 теңге), ал сағатына 20-40 шақырымнан асырса, онда 10 АЕК көлемінде (30 630 теңге) айыппұл салынады.
Саудияда асыққан жүргізуші үш есе жазаланады. Яғни оған 800 риал (101 мың теңге көлемінде) айыппұл салынып, 20 күн түрмеге қамалып, 20 рет дүре соғылады. Егер жүргізуші қайталап ұсталатын болса — оны 1 600 риал айыппұл (202 мың теңгедей), 20 күн түрме, 20 рет дүре күтіп тұр. Оған қоса көлігі тәркіленеді. Қазақстанда апаттық жағдай тудырған жүргізуші 10 АЕК (30 630 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге тиіс. Егер қауіпті жүрісімен басқа автомобильге, жол мен түрлі құрылыстарға зақым келтірген болса, онда айыппұл 20 АЕК-ті (61 260 теңге) құрайды немесе 6 айға бас бостандығынан айырылады.
Жапонияда бағдаршамға бағынбаған жүргізушіні 61 087 иен (200 мың теңгеге жуық) көлемінде айыппұлмен, сондай-ақ жарты жылға түзеу жұмыстарымен жазалайды. Ал Қазақстанда қызыл түске немесе реттеушінің тыйым салған белгісіне бағынбай өтіп кеткені үшін салынатын айыппұл бар болғаны 10 АЕК-ті (30 630 теңге) құрайды. Егер жарты жыл ішінде қайталайтын болса 15 АЕК (45 945 теңге) айыппұл салынады.
Ұлыбританияда жүргізуші көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаса, оған 500 фунт (262 919 теңге) айыппұл салынады. Қазақстанда ол үшін 5 АЕК (15 315 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Ирландияда көлік жүргізу кезінде ұялы телефонмен сөйлескен жүргізушілерге 2000 еуро (924 346 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Қазақстанда дәл осындай бұзушылық үшін айыппұл 5 АЕК-ті (15 315 теңге) құрайды.
Жапонияда көлікті мас күйде жүргізгендерге 1 миллион иен (145,5 миллион теңгеге жуық) айыппұл салынады немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ Малайзияда да дәл осындай бұзушылық үшін қатаң жаза қолданылады. Онда көлікті мас күйінде жүргізгені үшін тәртіп бұзушылар бір жылға бас бостандығынан айырылып, 6 мың рингит (612,3 мың теңге) көлемінде айыппұл арқалайды. Мұны екінші рет жасағандар үшін 2 жылға бас бостандығынан айыру, 10 мың рингит (1 миллион теңгеден астам) айыппұл және бір жылға құқықтан айыру қарастырылған. Қазақстанда мұндай жағдайда жүргізушіні 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға құқығынан айыру, қайталап тәртіп бұзса 20 тәулікке қамауға алу және 8 жылға құқығынан айыруы жазасы күтіп тұр.
Германияда көліктен қоқыс лақтырған адамға 1000 еуро (460,7 мың теңге) айыппұл салынады. АҚШ-та да осындай жаза 1 мың долларды (474,3 мың теңге) құрайды. Сингапурда 1437 сингапур доллары (474,6 мың теңге) көлемінде айыппұл салудан бөлек, тәртіп бұзушы 12 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіледі. Қазақстанда көліктен қоқыс лақтырғаны үшін айыппұл небәрі 2 АЕК (6 126 теңге) қана.
Сингапурда түнде тегін автотұрақтарда көлікті қалдыруға тыйым салынады, ол үшін 2 869 сингапур доллары (949 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал көлікті рұқсат етілмеген орынға қойғаны үшін 215 сингапур доллары (71,2 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Қазақстанда көлікті рұқсат етілмеген орынға қойғаныңыз үшін қазынаға 5-тен 10 АЕК-ке дейін (15 315 теңгеден 30 630 теңгеге дейін) төлеуге тура келеді.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
12.10.2022, 14:22