Toyota 2022 жылдың соңында RAV4-тің спорттық түрін саудаға шығарады
Toyota RAV4 GR Sport алдымен Еуропа нарығында сатыла бастайды.
Toyota-ның Gazoo Racing спорттық бөлімшесі көпке белгілі RAV4 кроссоверінің жаңа модификациясын таныстырып, оны биылдың соңына таман сата бастайтынын хабарлады, деп жазады Motor.ru.
Toyota RAV4 GR Sport осы қарашада-ақ еуропа нарығына екі гибрид модификацияда шығады. Оның бірі 2,5 литрлік ІЖҚ базасындағы 219 күштік қондырғысы бар үстеме қуатталмайтын гибрид болса, екіншісі артқы оське қондырылған жеке электрлі моторы бар толық жетекті үстеме қуатталатын нұсқа болып табылады. Осы екіншісінің қондырғысының күші RAV4-тің барлық түрлеріндегідей 306 ат күшін құрайды.
RAV4 GR Sport модификациясы спорттық стильдегі жұқа штрихтармен, өте көп стандартты жиынтықпен және өзгертілген аспасымен ерекшеленеді. Автомобиль алтышабақты жеңіл қорытылатын дөңгелек дискілерімен, шанағының айналасы қара детальдармен және радиатор торында және артқы есігінде бірнеше кішкентай белгілермен безендірілген.
Сыртқы безендірілудегі өзгешеліктерді алдыңғы бампердің ауа тартқышына арналған қаптама, радиатор торы, дөңгелек аркаларының молдингі, бүйірлік табалдырықтар және шамдардың аралығында артқы есіктен байқауға болады. Ал интерьердің басты ерекшелігі – спорттық отырғыштарында.
Алдыңғы отырғыштар жүргізушіге арналған жады қызметі бар электрлі жетектің көмегімен реттеледі. Сондай-ақ мұнда 10,5-дюймдық ақпараттық-ойын-сауықтық жүйенің сенсорлық экраны мен 12,3-дюймдық сандық құралдар панелі бар.
Toyota RAV4 — әлемде ең көп таралған кроссоверлердің бірі. Оның сериялық өндірісі 1994 жылы басталған. Ол «Тойота Королла»-ның тұғырында жасалды. Алғашқыда тек үшесікті шанақпен, арада бір жыл өткен соң бесесікті ұзындау нұсқасы шықты.
Бастапқыда Toyota RAV4-ке екі литрлік бензин моторлар орнатылды. Еуропа мен америка нарығына арналған нұсқасында 120-129 ат күші болды, ал Жапонияға арналған көліктерде күштік агрегат 135-180 ат күшіне дейін екпіндей алды. 1997 жылы автомобильдің электрлі нұсқасының өте аз сериялық өндірісі басталды. Модельдің өзі дамытылып, 2019 жылы бесінші буыны пайда болды. Сөз етіп отырған спорттық нұсқасы дәл осы соңғы нұсқаның негізінде жасалып отыр.
2021 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік көлік өнеркәсінің тарихына Toyota RAV4 ең көп сатылған алғашқы жол талғамайтын көлік ретінде енді: былтыр жапон өндірушісі осы модельден 1,13 млн бірлік көлік сатты. Бұл 2020 жылдың қорытындысынан 6%-ға көп (971 мың 516 бірлік). 2021 жылдың сауда қорытындысы бойынша екінші орынды Toyota Corolla sedan еншіледі. Бұл модельден 1,134 млн бірлік автомобиль сатылған.
Егор Васильев, корреспондент
21.10.2022, 09:55