Ресейде жеңіл көлік өндірісі 2022 жылы 66%-ға төмендеді
Жүк автомобилі өндірісі 20%-ға құлдырады.
2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында Ресейде 349 мың жеңіл автомобиль шығарылған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65,9%-ға аз. Қыркүйекте бар болғаны 24 мың ғана көлік шығарған. Бұл 2021 жылдың қыркүйегіндегіден 77,4%-ға және 2022 жылдың тамызындағыдан 3,8%-ға аз, деп хабарлайды Ресейдің федералдық мемлекеттік статистика қызметі.
2022 жылғы 9 айда Ресейде 103 мың жүк көлігі өндірілді. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 20,4%-ға аз көрсеткіш.
Ресейде көлік құрамдастары өндірісіне келер болсақ, 2022 жылы жергілікті кәсіпорындар 178 мың ішкі жану қозғалтқышын (2021 жылғы қаңтар-қыркүйегіндегіден 24,5%-ға аз) және 24,8 мың шанақ (былтырғы жылғыдан 16,9%-ға аз) шығарған.
«Автостат» деректері бойынша, Ресейде көлік құралдарын шығаратын үш зауыт қана — АвтоВАЗ, УАЗ және Тула облысындағы Haval зауыты жұмыс істеп тұр. Шетелдіктердің қатысуымен құрылған өзге кәсіпорындар геосаяси жағдайға байланысты қызметін тоқтатты, «Тойота Мотор» компаниясы болса, қажетті құрамдастардың үздік-создық жеткізілуінен кейін Санкт-Петербургтегі зауытын жабатындығын жариялады.
Осыдан соң Toyota өзінің өндірісін Қазақстанға көшіруі мүмкін екені белгілі болды. Жапон көлік өндірушісі және қазақстандық тарап арасында келіссөздер жүріп жатқаны туралы ақпаратты премьер-министр Әлихан Смайылов растады.
Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстанда автомобиль өндірісінің көлемі өсіп келе жатқаны байқалып отыр. Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығының деректері бойынша, 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында Қазақстанда 78,4 мың барлық типтегі көлік құралы шығарылған. Бұл 2021 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға көп.
Қазақстанда жеңіл автомобиль бәрінен көп шығарылады (71,4 мың бірлік). Қауымдастықтағылар жүк техникасының өндірісі 5,4 мыңға дейін төмендеп кеткенін айтады. Сондай-ақ 9 айда 834 автобус, 475 тіркеме/жартылай тіркеме және 330 түрлі арнайы техника шығарылған. Қазақстанда шығарылған көлік құралдарының жалпы құны 799,5 млрд теңгені құрайды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
27.10.2022, 14:48